ӘР АЗАМАТ ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ ҚҰРУҒА ӨЗ ҮЛЕСІН ҚОСАДЫ

Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен https://amlacademy.kz/finiq онлайн платформасында 2025 жылы 10–20 қазан аралығында халық арасында қаржылық қауіпсіздік бойынша республикалық диктант өткізілуде. Бұл туралы Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты — халық арасында қаржылық қауіпсіздік мәдениетін арттыру, қаржылық алаяқтық пен цифрлық қауіпсіздік мәселелеріне назар аудару, инвестициялық тәуекелдер мен жеке деректерді қорғау ұғымдарын кеңінен түсіндіру, сондай-ақ азаматтардың қаржы саласында өз бетінше білім алуына ынталандыру  болып табылады. Диктант әр түрлі санаттағы қатысушыларға арнап дайындалған сұрақтар негізінде онлайн-тестілеу форматында өткізіледі.

Бұл ретте, ауданның білім ұйымдарының, жерілік атқарушы және құқық қорғау органдары, республикалық мекемелер мен басқа да ұйымдардың қатысуымен кеңейтілген семинар өтті, семинарға аудан әкімі Арман Абдуллаев басшылық етті.

Іс-шараға қатысу үшін онлайн платформадан тіркеуден өту керек және 25 минут ішінде 20 сұраққа жауап беру керек екен. Нәтижесінде 16 және одан көп дұрыс жауап берген қатысушы – жеңімпаз ретінде цифрлық дипломға, ал қалғандары қатысушы сертификатына ие болады. Сонымен қатар, республикалық деңгейде алғашқы болып тіркеліп, жоғары нәтиже көрсеткен 10 қатысушыға бағалы сыйлықтар табысталатыны хабарланды.

Жиын соңында аудан басшылығы барлық мекемелер мен ұйымдарды 15 қазанға дейін диктантқа белсенді қатысуға шақырды.

Айта кетсек, бұл бастама – еліміздің қаржылық қауіпсіздігі мен құқықтық мәдениетін дамытуға арналған маңызды қадам. Әрбір азамат қаржылық сауаттылығын арттыра отырып, өз қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, әділетті және тұрақты қоғам құруға да өз үлесін қосады.

 

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды