Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұловтың тұрғындармен кездесуі Кемеқалған ауылдық округінде жалғасын тапты. Кездесу Абай ауылындағы Қазығұрт жалпы орта мектебінің акт залында өтті. Бұл туралы Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесудің басты мақсаты – ауылдық округ тұрғындарының өзекті мәселелерін тыңдап, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұсыныстарды қарастыру болды.
Еркін форматта өткен жиында ауыл тұрғындары бірқатар маңызды мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, электр бағаналарын ауыстыру, электр жарығының қуатын арттыру, су ағар орнату, екі ауылдық округтің шекарасында орналасқан тұрғын үйлерді рәсімдеу, мобильді интернет байланысын жақсарту және ауыз су мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, Қошқарата бұлағынан су көздерінің тартылып бара жатқаны айтылып, санитарлық тазалықты сақтау мақсатында арнайы алаң орнату қажеттігі қозғалды. Жиын барысында учаскелік полиция пунктінің ғимаратын реттеу мәселесі де сөз болды.
Қарақия елді мекенінің тұрғыны ауыл аумағында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, ауылдың инфрақұрылымы мен абаттандырылуына қатысты өз пікірін білдірді.
Аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы өз сөзінде ауылдардың дамуы – ауданның өркендеуінің негізі екенін атап өтті.
«Әрбір ауылдың дамуы – ауданның дамуының кепілі. Біз сіздердің ұсыныстарыңыз бен өтініштеріңізді ескеріп, шешімін табуға бар күшімізді саламыз. Тұрғындармен ашық диалог орнатып, нақты нәтижеге қол жеткізу – біздің басты мақсатымыз», – деді аудан әкімі.
Кездесу соңында Еркеғали Әлімқұлов ауыл тұрғындарын елді мекеннің абаттандыру жұмыстарына белсене қатысуға және қоғамдық бастамаларға атсалысуға шақырды.

