ӘР АДАМНЫҢ ІШКІ МӘДЕНИЕТІ МЕН ЖАУАПКЕРШІЛІГІН КӨРСЕТЕТІН БАСТАМА

Қоғамның тазалыққа деген көзқарасы соңғы жылдары жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Бұл тек көшені немесе ауланы жинаумен шектелмей, әр азаматтың ішкі мәдениеті мен жауапкершілігін айқындайтын маңызды ұстанымға айналды. Мемлекет басшысы Қызылордада өткен құрылтайда тазалық уақытша науқан емес, күнделікті өмір салтына айналуы тиіс, деп атап өтті. Бастапқыда белгілі бір мерзімге жоспарланған «Таза Қазақстан» жобасының азаматтардың белсенді қатысуының арқасында ұзақмерзімді, тұрақты қозғалысқа ұласуы осы сөздің нақты дәлелі. Бүгінде бұл бастама ел көлемінде үздіксіз жалғасып, экологиялық жауапкершілікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде жүзеге асуда. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Осы жалпыұлттық бастама аясында «AMANAT» партиясының қолдауымен іске асырылып жатқан «Таза бейсенбі» акциясы да жүйелі түрде өткізіліп келеді. Бүгін аталған экологиялық акция Сайрам ауданы, Арыс ауылдық округіне қарасты Қожақорған елді мекеніндегі Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің аллеясында ұйымдастырылды.

Іс-шараға аудандық мәслихат депутаты Камалиддин Тажиев, Арыс ауылдық округінің әкімі Ирстай Артиков, «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының өкілдері Нұрбек Әсілбек, Гуломжон Ирискелдиев, сондай-ақ Т.Рүстемов атындағы мектептің басшылығы, «Көрікті Сайрам» КММ қызметкерлері, ауылдық округ әкімдігі мен мектеп ұжымы қатысты. Барлығы 60-қа жуық адам тазалық жұмыстарына атсалысты.

Акция барысында жиналғандар Кеңес Одағының Батыры Таштемір Рүстемовке арналған ескерткіш тақта маңында және Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің аллеясында тазалық жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар көше бойындағы қар тазаланып, жолдарға құм мен тұз себілді.

Іс-шара барысында сөз сөйлеген Арыс ауылдық округінің әкімі Ирстай Артиков Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» жобасының маңыздылығына тоқталып, тазалық пен тәртіптің қоғам өміріндегі орнына ерекше назар аударды. Сонымен бірге, соғыс ардагерлеріне көрсетілетін құрметтің жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.

– Тазалау іс-шарасы әр адамның ішкі мәдениеті мен жауапкершілігін көрсететін бастама. Мемлекет басшысы айтқандай, тазалық тәртіпке үйретеді, ал тәртіп жауапкершілікті арттырады. Осындай жұмыстар арқылы біз жас ұрпаққа туған жерді қадірлеуді, тарихты құрметтеуді үйретеміз. Батырларымыздың рухына тағзым ету біздің азаматтық борышымыз. Осындай орындардың таза, күтіп ұсталуы кейінгі буын үшін үлкен үлгі. Бұл өткенге құрмет, болашаққа аманат, – деп атап өтті округ әкімі Ирстай Артиков.

Айта кетейік, Кеңес Одағының Батыры Таштемір Рүстемов 312-Смоленск атқыштар дивизиясының 1083-полкі құрамында жауға қарсы шайқастарға қатысқан. Смоленск облысының Борисовка елді мекені үшін болған ұрыста ол асқан ерлік пен батырлық көрсетіп, жаудың 19 солдаты мен офицерін жойып, төрт атыс ұясының көзін жойған. Пулемет ұясын кеудесімен жауып, ерлікпен қаза тапқан батырдың есімі халық жадында мәңгі сақталады.

«Таза бейсенбі» акциясы тек қоршаған ортаны тазалау емес, тарихқа тағзым етіп, өткенге құрмет көрсетудің, бүгінгі буынның ортақ жауапкершілігін сезіндіретін маңызды шара ретінде өтті.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды