ПРЕЗИДЕНТТЕН МАРАПАТ АЛҒАН ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Кентау қаласының №19 мектебінде ерлік сабағы өтіп, жастарға батырлық пен жауапкершіліктің маңыздылығы түсіндірілді. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуде бүгінгі күннің батырына айналған, қызмет барысында екі рет тұрғындарды ажалдан арашалап қалған кентаулық учаскелік полиция инспекторы Есімхан Әдетханұлы Бағзатханның оқиғалары дәріптелді. Бейнежетонға түскен шынайы жазбалар көрсетілді.

Осы батыл әрекетінің арқасында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен «Ерлігі үшін» төсбелгісін алған полицей Есімхан:

«Біздің қызметтте күнделікті түрлі оқиғалармен бетпе-бет келіп жатамыз. Соның арасында өлім мен өмір үшін арпалысатын сәттер де болады. Мәселен «102» нөміріне жергілікті тұрғын әйел көмек сұрап хабарласты. Оның айтуынша, үйінде 3 жасар қызы есікті ішінен құлттап алып, кіре алмай қалған. Оқиға орнына шығып, шұғыл әрекетке көшіп, балкон арқылы кіруге шешім қабылдадым. Пәтердің 5 қабатта орналасқанына қарамастан, көршінің балконы арқылы ішке кіріп, бүлдіршінді анасына аман-есен табыстадым. Оған қоса келесі оқиғада 4 қабаттың терезесінен секірмек болған ер жігітті дер кезінде ажалдан арашалап алдық, — деп оқиғасымен бөлісті.

Жас буын полицейдің ерлік әрекеттерін жоғары бағалап, марапатымен құттықтады. Сонымен қатар сабақ барысында оқушылар құқықтық тәртіп, қоғамдық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының қызметі туралы маңызды ақпараттар алды. Болашақта ел қорғаны болуды мақсат еткен жас сақшылар, тәртіп сақшыларымен еркін сұхбаттасып, көкейдегі сұрақтарына жауап алды.

Бұл бастама жас ұрпақтың заң талаптарын жетік меңгеріп, тәртіпті азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды