Сауран аудандық полиция бөлімі «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді әрекет» акциясы аясында қоғам қауіпсіздігі және құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелеріне арналған ашық форматтағы пресс-конференция ұйымдастырды. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шараға өңірдегі бірқатар қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысып, кездесудің мазмұнын айрықша толықтырды. Жиынға Полиция бөлімінің бастығы Алмат Абидинов төрағалық етті.
Шараға сондай-ақ полиция бөлімі бастығының орынбасары Данияр Түймебаев, Қоғамдық қабылдау бөлімінің бастығы Алихан Алентаев, аудан әкімдігінің Ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Қалеке, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердалы Баймұратов, Әжелер алқасының төрайымы Баян Қияқова, Журналистер одағының мүшесі, тәжірибелі журналист Гүлнара Ибадуллаева, білім бөлімі мен Отбасын қолдау орталығының қызметкерлері қатысты.
Қатысушылардың белсенділігі кездесу барысында ерекше байқалды. Әр сала өкілдері қоғамдағы өзекті мәселелерді ортаға салып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жасөспірімдер тәрбиесі, жол қозғалысы қауіпсіздігі және интернет алаяқтықпен күрес тақырыптарында пікір алмасты.
Полиция қызметкерлері сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, алдағы жоспарлармен бөлісті. Қоғамдық ұйым өкілдері полицияның ашықтығын атап өтіп, өз тараптарынан да бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Шараның қорытындысында осындай кездесулер халық пен құқық қорғау органдары арасындағы сенімді арттырып, ортақ қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.

