ПОЛИЦИЯ ИМИДЖІН КӨТЕРУГЕ ҮЛЕС ҚОСЫП КЕЛЕДІ

Төлеби ауданының тумасы полиция полковнигі  Ғалымжан Ештаев құқық қорғау саласында ұзақ жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі мамандардың бірі. Ол 1963 жылы Төлеби ауданында дүниеге келген. 1981 жылы әскер қатарында шекара қызметін өткергеннен кейін, 1984 жылы Қарағанды педагогика институтын тәмамдап, еңбек жолын Екпінді ауылындағы мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі ретінде бастаған. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кейін қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін сақтау ісіне бет бұрып, аудандық ішкі істер бөліміне учаскелік полиция инспекторы болып қабылданды. Қызмет атқарған жылдары жедел уәкіл, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлім бастығы, Отырар аудандық ІІБ кадр ісі жөніндегі орынбасары, ІІД ақпараттық-техникалық тобы бастығының орынбасары, сондай-ақ Төлеби ауданы жергілікті полиция қызметі бойынша түрлі басшылық лауазымдарды абыроймен атқарды.

2016 жылы ішкі істер органдарындағы жемісті қызметінің қорытындысымен полиция полковнигі Ғалымжан Жайлауханұлы құрметті зейнеткерлікке шықты. Бүгінде ол туған ауданындағы полиция бөлімінде жас қызметкерлерге тәлімгерлік етіп, өзінің бай тәжірибесі мен өмірлік өнегесін жас буынға үйретуде. Сонымен қатар бөлімнің рухани және мәдени іс-шараларына белсене қатысып, полиция имиджін көтеруге үлес қосып келеді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды