ПОЛИЦИЯ ФОРМАСЫ – БАЛА КҮНГІ АСҚАҚ АРМАН

Жанар Нұрымбетқызы Иманқұлова үшін полиция формасы — жай қызмет емес, бала күнгі асқақ арман болатын. Ол жастайынан алғыр, әділдікті жоғары қоятын, жауапкершілігі мол болып өсті. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Тынымсыз еңбегінің арқасында 2005 жылы мектепті қызыл аттестатпен тәмамдап, құқық саласына деген қызығушылығын тереңдетті.

Сол жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Құқықтану» мамандығына түсіп, оны қызыл дипломмен аяқтауы – арманына деген адалдығының айқын дәлелі.

Қызмет жолын 2011 жылы Сайрам ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде инспектор қызметінен бастаған. Әр кезеңде ол өзінің еңбекқорлығымен, тәртіпке талапшылдығымен, жауапкершілікке деген ерекше мән беруімен көзге түсті.

2021–2023 жылдары Шымкент қаласының Мамандандырылған күзет полициясында қызмет атқарып, білікті маман, нақты кәсібіне берілген полицей ретінде қалыптасты.

2023 жылдың наурызында туған өлкеге оралып, Ордабасы аудандық полиция бөлімінде Кәмелетке толмаған істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болып тағайындалды. Бүгінде аға лейтенант шеніндегі Жанар Нұрымбетқызы жасөспірімдер қауіпсіздігіне, олардың құқығын қорғауға, тәрбиесіне айрықша мән беріп келеді.

«Қоғам тыныштығын күзету — мен үшін тек қызмет емес, бала күнімнен бергі арманым. Халықтың сенімі – менің басты күшім», — дейді погонды ару.

Отбасында бір ұл мен бір қыздың аяулы анасы, сондай-ақ сүйікті жар. Қызметтегі жауапкершілікті отбасы жылуымен үйлестіре білетін ол үшін шаңырақ – тіреу, ал қызмет – парыз.

Иманқұлова Жанар Нұрымбетқызы парасаттылығы, адамгершілігі және қызметіне деген адалдығымен әріптестері және қоғам алдында құрметке ие.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды