ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІН МЕҢГЕРУ ДЕҢГЕЙІ БАҒАЛАНДЫ

Түркістан облысы Полиция департаментінің базасына Ұлттық тестілеу орталығы ҚАЗТЕСТ жүйесін дамыту жөніндегі басқарманың мамандары арнайы келіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында жеке құраммен кездесу өткізді. Сондай-ақ полицейлерден «Қазтест» диагностикалық тестін алды. 100 тәртіп сақшысы қатысқан тестілеу тыңдалым, оқылым, лексика-грамматикалық білім мен жазылым бөлімдерін қамтыды. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл шара – полицейлердің қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалауға бағытталған маңызды қадам. Ішкі істер саласында тіл мәдениетін қалыптастыру, сауатты іс-қағаздарын жүргізетін қызметкерлер қатарын арттыру бағытында өткен тестілеуде полиция қызметкерлері белсенділік танытты.

Тестілеуді ұйымдастыру бөлімінің жетекші сарапшысы Әсел Макыбаеваның айтуынша, “Қазтест” жүйесінің артықшылығы – ол халықаралық тілдік тестілеу талаптарына сай құрылған, нақты деңгейлік бағалау жүргізеді. Аталған тест нәтижесі әрбір қызметкердің тілді меңгеру деңгейін анықтауға, әрі қарай тілдік даярлықты жетілдіру жоспарын құруға мүмкіндік береді.

Іс-шара соңында қатысушылар ұлттық рух пен тілге деген құрметтің маңызын терең сезінді. Осындай тағылымды іс-шаралар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, әр азаматтың жүрегіне тілге деген сүйіспеншілік ұялатады. Мемлекеттік тілді меңгеруге бағытталған мұндай ауқымды іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды