«AMANAT» партиясы Қазығұрт аудандық филиалының Көкібел бастауыш партия ұйымында ұйымдастыру жиналысы өтті. Жиынға аудандық филиал төрағасы Есімхан Исақұлов, Көкібел БПҰ төрағасы Ертуған Буденбаев, С.Рақымов ауылдық округінің әкімі Төленді Ортаев бастаған 30-ға жуық партия мүшесі қатысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Қазығұрт аудандық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Күн тәртібінде БПҰ төрағасының атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалып, өзге де мәселелер қаралды. Аудандық филиал төрағасы БПҰ-ның қызметі мен мақсаттарын, яғни партияның жарғылық мақсаттарын халыққа жеткізу және жоғары тұрған партия құрылымдарымен тұрақты байланысты қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Көкібел бастауыш партия ұйымы 2005 жылы құрылған. 2023 жылдың сәуір айынан бастап оны Ертуған Буденбаев басқарып келеді. Ұйымда 9 партиялық ұйымда 232 партия мүшесі бар, оның 51%-ы әйелдер, 49%-ы ер азаматтар. Мүшелер арасында зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жұмыссыздар және бала күтімінде отырғандар да бар. Партия мүшелік жарналарын жинау бойынша жұмыстар жүргізіліп, сәуір айында жоспардың 56,12%-ы орындалған.
Ұйым түрлі партиялық жобалар аясында белсенді жұмыс істеуде. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 20-дан астам адам оқытылса, «Бақытты отбасы» жобасы бойынша «Балаларды мектепке даярлайық» акциясымен 5 балаға мектеп құралдары алынып берілді. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасымен 5 іс-шара өткізіліп, қарттарға құрмет көрсетілді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Жолдауын насихаттауға бағытталған 2 іс-шара ұйымдастырылды.
Партияның «Ауыл аманаты» және «Жер аманаты» сияқты жобалары халық арасында үлкен қолдауға ие. «Ауыл аманаты» жобасы жеке кәсіп ашуға мүмкіндік берсе, «Жер аманаты» аясында игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасына сәйкес, Көкібел ауылында 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл – партияның жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты қадамдарының бірі.