ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ТҰРҒЫНДАРҒА ЖАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУ МІНДЕТІН КӨЗДЕЙДІ

«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасында азаматтарға жайлы өмір сапасын қалыптастыруда инфрақұрылымды дамыту, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету міндеттері белгіленген. Осы басымдықтарды іске асыруда партиялық бақылау халыққа берілген уәделердің нақты орындалуын үйлестіретін маңызды құрал болып табылады. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Осы орайда, «AMANAT» партиясы Отырар аудандық филиалының және аудандық мәслихаттың төрағасы Уалихан Ұзақовтың бастамасымен аудан орталығы – Шәуілдір елді мекенінде салынып жатқан бірқатар әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдық нысандарға партиялық бақылау жұмыстары жүргізілді. Әлеуметтік маңызы бар нысандардың дайындығын зерделеуге Отырар ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің жауапты қызметкері Досхан Рахматуллаев, аудандық мәслихат депутаты Бекзат Түкеев, сондай-ақ мердігер мекеме – «KDX» ЖШС-нің басшысы Қайнұр Сатыбалды қатысты. Бақылау тобы нысандардағы құрылыс жұмыстарының сапасына, мерзімінде орындалуына және жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкестігіне ерекше назар аударды.

Партиялық бақылау тобы алдымен аудан орталығы мен Талапты ауыл округін байланыстыратын, Отырар ауылдық округіне қарасты Малдыбеков көшесінде жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарын зерделеді. Аталған жоба аясында жаяу жүргіншілердің қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында ені 1,2 метр, ұзындығы 2,85 шақырымды құрайтын аяқ жол салынған. Сонымен қатар көше жарықтандыру жүйелері орнатылып, қоғамдық орындарға орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылған. Партиялық бақылау барысында аяқ жолдың сапасы, жарық шамдарының орнатылуы, абаттандыру элементтерінің тұрғындар үшін қолайлылығы жан-жақты тексерілді. Атқарылған жұмыстар елді мекенді көркейту, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру міндетін көздейді.

Сонымен қатар бақылау тобы Шәуілдір ауылында салынып жатқан жаяу жүргіншілерге арналған Секілдек көпірінің құрылыс барысымен танысты. Аталған нысан тұрғындардың күнделікті қатынасы үшін аса маңызды өткел болып табылады. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың желтоқсан айында басталып, нысанды 2026 жылдың сәуір айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жоба аясында көпір құрылысы жүргізіліп, осы аумақты кешенді абаттандыру жұмыстарын атқару межеленген. Жоба бойынша балалар ойын алаңшасын салу, аяқ жолдар төсеу, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату, сондай-ақ толық жарықтандыру жүйесін жүргізу жоспарланған. Алдағы уақытта мұнда тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы қоғамдық кеңістік құрылатын болады.

Нысандарды аралау қорытындысы бойынша Уалихан Жамалханұлы мердігер мекеме басшылығына құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде, сапалы және тиянақты орындау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ тексеру барысында анықталған кемшіліктерді қысқа мерзім ішінде түзету қажеттігін қатаң ескертті.

Жалпы алғанда, «AMANAT» партиясы мұндай жүйелі бақылау жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырып, тұрғындар үшін маңызды нысандардың уақытылы әрі сапалы пайдалануға берілуіне ықпал ететін болады. Партия халық алдындағы жауапкершілікті басты орынға қоя отырып, елді мекендерді дамыту, инфрақұрылымды жақсарту және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру жолындағы жұмыстарды қатаң бақылауда ұстай береді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды