ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ – МАҢЫЗДЫ ТЕТІК

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы өңір көлеміндегі әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандарының сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуын партиялық бақылау құрылымдары арқылы тұрақты қадағалауына алған. Партиялық жұмыстың маңызды бағыты болып табылатын осы міндет шеңберінде Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары – фракция мүшелер партияның Сайрам аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясымен бірлесе аудан аумағындағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын зерделеді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Бюджет есебінен салынып жатқан құрылыс нысандарын бақылау жұмысына Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясының депутаттары Нұржан Жамалбеков, Сайдирасулхан Ералиев, партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов, Сайрам аудандық мәслихатының депутаттары – фракция мүшелері, сондай-ақ аудандық партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Бегжан Алимжанов, Асанали Керимов, Ғанишер Раймқұлов, Мухиддин Сиддиқов қатысты. Сонымен қатар Ақсукент, Жібек Жолы және Қарабұлақ ауылдық округтерінің әкімдері өздеріне бекітілген аумақтардағы құрылыс нысандары туралы ақпарат берді.

Алдымен жұмыс тобы Ақсукент ауылдық округінде орналасқан «Манкент» теміржол вокзалының құрылысымен танысты. Аталған нысан – өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды жоба саналады. Тапсырыс беруші – «Қазақстан Темір жолы» АҚ-ы болса, құрылысты «Kanfar Building» компаниясы жүргізуде. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың сәуір айында басталып, 2026 жылдың наурыз айында аяқталады деп жоспарланған. Жобаның жалпы болжамды құны – 433,5 млн. теңгеден асады. Партиялық бақылау тобы құрылыс сапасы мен өндірістік кестенің сақталуына ерекше назар аударды.

Партиялық бақылау тобы аялдаған келесі нысан – Жібек Жолы ауылдық округіндегі 300 орындық А.Бөкейхан атындағы жалпы орта мектептің жаңа ғимараты болды. Бұл жоба білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың ақпан айында басталған, аяқталу мерзімі – 2026 жылдың желтоқсан айы деп белгіленген. Жобаның жалпы құны 1,86 млрд. теңгеден асады. Депутаттар мен партиялық бақылау комиссиясы мердігер мекемеге құрылыс сапасы, қауіпсіздік талаптары және белгіленген мерзімнің қатаң сақталуы бойынша нақты міндеттер жүктеді.

Сондай-ақ жұмыс тобы Қарабұлақ ауылындағы аудандық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстарын бақылаудан өткізді. Денсаулық сақтау нысанындағы жөндеу жұмыстары өткен жылғы сәуір айында басталып, биылғы желтоқсан айына дейін жалғасады. Жобаның сметалық құны 3,1 млрд. теңгеден асады. Бұл нысан тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге тікелей әсер ететіндіктен, партиялық бақылау ерекше күшейтілген.

Аралау қорытындысы бойынша депутаттар мен партиялық бақылау комиссиясы құрылыс нысандарында бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалып жатқанын, жұмыстардың бекітілген кестеге сай жүргізіліп отырғанын анықтады. Барлық нысандарда «AMANAT» партиясының партиялық бақылау бекеттері орнатылып, қоғамдық және партиялық мониторинг жұмыстары жолға қойылды.

Атап өтуіміз қажет, партиялық бақылау – халық қаржысының ашықтығы мен әрбір жобаның нақты нәтижеге бағытталуын қамтамасыз ететін маңызды тетік. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды