«AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасы аясында Мақтаарал ауданындағы елді мекендерді табиғи газбен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асуда. Партияның негізгі басымдықтарының бірі – халықтың өмір сүру сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту және ауыл тұрғындарына қолайлы өмір сүру жағдайын жасауда аманаттықтар кешенді жоспардың орындалуына қолда бар ресурстарын жұмылдырып отыр. Осы бағытта аудан аумағындағы елді мекендерді кезең-кезеңімен табиғи газбен қамту жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Атап өтуіміз қажет, аудан тұрғындары партияның қоғамдық қабылдауларында жылдар бойы газдандыру мәселесін көтеріп, тұрмыс сапасын арттыруға қатысты өз өтініштерін жеткізіп келген болатын. Әрбір өтініш «AMANAT» партиясы Мақтаарал аудандық филиалы тарапынан тіркеліп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, партиялық бақылауға алынды. Қоғамдық қабылдаулар барысында тұрғындар тарапынан үнемі көтеріліп келген өзекті мәселенің нақты шешім тапқаны, аудан тұрғындарының партияға деген сенімін нығайтты.
Осы бағытта атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесінде бүгінде Мақтаарал ауданы бойынша 64 елді мекен табиғи газға қосылып, аудандағы ауылдардың газбен қамту деңгейі 94,1 пайызға жетті. Табиғи газ игілігіне қол жеткізген Еңбекші ауылдық округіне қарасты Жантақсай ауылының тұрғындары бұл мәселені қоғамдық қабылдауларда тұрақты түрде көтеріп келгендерін айтып, бүгінгі нәтиже билік пен халық арасындағы ашық диалогтың жемісі екенін атап өтті.
Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов тұрғындармен кездесуде бұл жетістіктің маңызын ерекше атап өтіп, биылғы жылы Мақтаарал ауданын толықтай табиғи газбен қамту көзделіп отырғанын жеткізді.
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміз бойынша ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асуда. Соның ішінде елді мекендерге табиғи газ жеткізу тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетуге бағытталған әлеуметтік маңызы бар бастама ретінде белгіленді. Аудан тұрғындары тарапынан көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалмай, кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Аудандағы барлық елді мекендерді толықтай газ жүйелеріне қосу жұмыстары қарқын алды. Бұл мәселе облыс басшысының тікелей бақылауына алынып, оның ізгілікті нәтижесін жұртшылық болып көріп отырмыз, – деді аудан әкімі өз құттықтау сөзінде.
Аудан тұрғындары үшін тарихи маңызы айрықша осы қуанышты сәтке куә болған «AMANAT» партиясы Мақтаарал аудандық филиалының жауапты өкілдері, партия үшін ең бастысы, кешенді жоспардың орындалуы мен тұрғындар білдірген сұраныстың оң шешім табуы екенін атап өтті. «AMANAT» партиясы табиғи газдың іске қосылуы тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп, өңірімізде экологиялық ахуалдың жақсаруына және қоғамда әлеуметтік тұрақтылықтың нығаюына ықпалын тигізеді деп біледі. Аудан аумағындағы инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы алдағы уақытта да партия өкілдерінің тұрақты бақылауында болады.

