ОЗЫҚ ОЙЛЫ ҰЛТ БОЛУДЫҢ ЕҢ ТӨТЕ ЖОЛЫ – КІТАП ОҚУ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев былтыр Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу деген болатын. Кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз қажет деп байыптады. Білімпаздыққа бастайтын, ізденімпаздықты құнттап, кітапқұмарлық сияқты ізгі қасиетті дәріптеуде биыл алғаш мәрте елімізде 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып белгіленіп, кең көлемде атап өтілді.

Ұлттың зияткерлік рухын шыңдайтын осы айтулы мереке қарсаңында Түркістан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылында екі қабаттан тұратын заманауи үлгідегі аудандық кітапхананың құрылысы бастау алды. Жаңа рухани орталықтың құрылысы үшін Шолаққорған ауылындағы С.Қожанов көшесі бойынан аумағы 1 гектарды құрайтын жер қаралды. Кітапхана құрылысын жүргізуге қажетті 958 миллион теңге бөлу жөнінде аудан әкімдігінің ұсынысын аудандық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдап, бүгінгі және болашақ ұрпақтар үшін маңызды құрылыстың алғашқы қазығы қағылды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Созақ аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырыс беруімен ғимарат құрылысын жүргізуді «SK Тенгри Холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз жауапкершілігіне алса, техникалық қадағалау жұмыстарын атқаруды «Tekhnadzor Prom Expert KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз мойнына алған. Қазір мұнда шұңқыр қазу жұмыстары атқарылып, бетон тіреуіштерін орнату, ғимарат іргетасын құю жұмыстары қарқын алған. Құрылыс алаңына «AMANAT» партиясы Созақ аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының өкілдері келіп, қажетті техникалармен қамтылуы, жұмысшы бригадалардың жұмылдырылуы, құрылыс материалдарының жеткілікті көлемде болуы мәселелерін зерделеп, тапсырыс берушімен және мердігер ұйымның өкілдерімен құрылыс барысын талқылады.

Аманаттың өкілдердің жұмысшы тобын комиссия төрағасы Б.Тұрғанбаев бастап келді. Оның құрамында комиссия мүшелері аудандық мәслихат депутаттары Г.Есмұратова, Р.Отыншиева, партия белсенділері Н.Майусова, Т.Абуов болды. Комиссия өкілдері кітапхана ғимараты аудан тұрғындарының игілігі үшін қызмет ететін маңызды нысан екенін айта отырып, құрылыс жұмыстарының мерзімінде аяқталуы, сапалы атқарылуы қоғам белсенділерінің тұрақты бақылауында тұратынын мәлімдеді. Партия өкілдері мұндағы жұмыстарды жүйелі назарында ұстайтын болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды