Түркістан облысы, Созақ ауданында халықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Созақ ауданы әкімдігі және «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы арасында жүргізілген келіссөздер нәтижесінде, кәсіпорынның демеушілігімен Қызылкөл, Құмкент, Бабата, Қарақұр және Қаратау елді мекендерінде қосымша ұңғыма қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазіргі таңда Бабата ауылында тереңдігі 507 метр болатын ұңғымадан сағатына 100 текше метрге жуық су шығып, ауыл тұрғындарының қуанышына себеп болды. Сондай-ақ мұнда екінші құдықтың бұрғылау жұмыстары 400 метр тереңдікке дейін жетті. Бұрғылау техникасы жұмысын Қызылкөл және Құмкент ауылдарында жалғастырады. Бұл елді мекендерде 350 метр шамасында ұңғыма қазу жоспарлануда.
Одан бөлек, Қаратау және Қарақұр ауылдарында алғашқы ұңғымалар 180 метр тереңдікке дейін қазылып, қазіргі таңда су көзін тазалау жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта Қарақұрда қосымша 180 метр, Қаратауда 780 метр тереңдікте жаңа құдықтар қазылмақ.
Айта кетейік, бұл елді мекендерде жаз айларында ауыз су көлемі азайып, тұрғындар тарапынан мәселе көтерілген болатын. Осыған орай аудан басшысының ұсынысын қолдаған «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ компаниясы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бастамаға өз үлесін қосуда.