Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев Мәшһүр Жүсіп елді мекенінде ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында қосымша су ұңғымасы қазылып жатқан нысанға барып, құрылыс жұмыстарының барысын тексерді. Бұл туралы Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінде елді мекенде 1127 тұрғын бар. Ауылда 129 тұрғын үй бар және олардың барлығы ауыз су жүйесіне қосылған. Қазіргі таңда елді мекенде 89 су есептегіш құралы орнатылған. Мәшһүр Жүсіп елді мекенінің тәуліктік қажетті су тұтыну көлемі 135 текше метрді құрайды. Елді мекен ішіндегі магистральды су құбырының жалпы ұзындығы 14,4 шақырым, ішкі су құбыры желісі 5,6 шақырым болып, ауыл аумағында 50 текше метрлік су мұнарасы орналасқан.
Қазіргі таңда қолданыстағы ұңғымадан алынатын ауыз судың түсі өзгеруіне байланысты, тұрғындарды сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында қосымша су ұңғымасын қазу жұмыстары қолға алынған.
Нысанды аралау барысында аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев жауапты сала мамандарына құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстауды, санитарлық талаптардың толық сақталуын және жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев дербес бөлім басшыларымен бірге ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерге қатысты өтініш-тілектерін тыңдап, көтерілген әрбір сұрақ бойынша нақты жауаптар берді. Сондай-ақ, салалық бөлім басшылары өз құзыреттері аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Тұрғындар тарапынан ауылішілік жолдарға тас төсеу, көшелерді жарықтандыру, қосымша трансформатор орнату, табиғи газға қосу, сондай-ақ жер мәселесіне қатысты бірқатар ұсыныстар мен өтініштер айтылды.
Аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынатынын атап өтіп, сұрақтар қолданыстағы заңнама мен бекітілген жоспарларға сәйкес кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. Тиісті бөлім басшыларына тұрғындар көтерген мәселелерді зерделеп, нақты ұсыныстар әзірлеу жөнінде тапсырмалар берді.

