ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ТАЗА САҚТАУ БАҒЫТЫНДА БІРЛЕСЕ ЖҰМЫС ІСТЕУІ ҚАЖЕТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев IV Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде «Таза Қазақстан» – жай науқан емес. Бұл әр адамның және барша халықтың күнделікті дағдысы, өмір салты болуы қажет» деген болатын. Президент тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Түркістан облысында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда өңірде жүзеге асыру жоспарланған 7263 іс-шараның 2614-і өткізілді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жалпы 458657 тұрғын белсенділік танытып, өз қалалары мен ауылдарын тазартуға үлес қосты. Бұл жұмыстарға 2980 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, 509 мың көшет отырғызылып, 9143 тонна қоқыс шығарылды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде баяндалды.

Аймақ басшысы тазалық, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын тиісті деңгейде атқаруды тапсырып, бұл жұмыстар тікелей өз бақылауында екенін жеткізді.

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың мәлімдеуінше, бүгінгі күнге дейін «TazaQazBot» ақпараттық жүйесіне 2320 өтінім түскен. Оның ішінде, 2 308-і орындалған болса, 12 өтінім орындалу барысында. Қоғамдық орындарда санитарлық талаптарын сақтамаған тұлғаларға жыл басынан бері 10 570 хаттама толтырылып, 262,5 млн теңге айыппұл салынды. Оның 142,6 млн теңгесі өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 21 %-ға өскен.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аэровизуалды мониторинг нәтижелерін «109» өтініштерді өңдеу жүйесіне интеграциялап, байланыстыру жұмыстары қолға алынды. Елімізде алғаш рет енгізіліп отырған бастама жедел әрекет етуге мүмкіндік бермек. Осыған орай, жауаптыларға аудан, қала әкімдіктерін арнайы дронмен қамтамасыз етіп, бейнематериалдар мен фотодеректерді «109» жүйесіне жедел жүктеу арқылы ретке келтіру бойынша тапсырма берілді. Одан бөлек, жиын барысында кемшіліктер де айтылып, өзекті мәселелер ортаға салынды. Мәселен, елді мекендерден қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау мәселесі толықтай реттелмеген.

Мәжілісте қалдықтарды сұрыптап жинау жүйесін Түркістан қаласында пилоттық режимде енгізу ұсынылды. Ұсынылған модель бойынша қалдықтар 5 негізгі категорияға бөлінеді. Атап айтқанда, қағаз, шыны, металл, электронды қалдықтар мен пластиктер салуға арналған арнайы контейнерлер орнатылмақ.

Өңірді көркейту, қоршаған орта тазалығын сақтау бағытында облыс халқы мен мемлекеттік органдар бірлесе жұмыс істеуі қажет.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды