ОНЛАЙН ОРТАДА АЛАЯҚТЫҚТАН САҚТАНУ АМАЛДАРЫН ТҮСІНДІРДІ

«AMANAT» партиясы азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру, әлеуметтің киберқауіпсіздік жөнінде базалық түсініктерге ие болуында биылдан бастап «Цифрлық қоғам» жобасын іске асыруды қолға алды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Осы жоба шеңберінде «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының «Жастар рухы» жастар қанаты балалардың бойында цифрлық гигиена жөнінде пайым-түсініктерді қалыптастыруда  «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Түркістан облысы бойынша филиалының Халыққа қызмет көрсету орталығына экскурсия ұйымдастырды. Іс-шара барысында балалар  мемлекеттік қызметтерді заманауи тәсілдермен пайдалану мүмкіндіктерімен таныс болды.

Экскурсия кезінде оқушылар жеке куәлікті рәсімдеуден бастап, жылжымайтын мүлікті тіркеуге дейінгі электронды форматта жүзеге асатын қызмет түрлері жөнінде ақпарат алды. Орталық қызметкерлері балаларға өз жұмыстарының қыр-сырын үйретті, электронды кезек жүйесінің жұмыс істеу тәртібі мен азаматтарға қолайлы жағдай жасау операцияларын таныстырды. Балаларға киберқауіпсіздікті сақтаудағы талаптар түсіндіріліп, орталық киберволонтерлары оқушыларға интернетте жеке мәліметтерді қорғау жолдарын, фишингтік сайттарды қалай анықтауға болатынын және онлайн ортада алаяқтықтан сақтану амалдарын түсіндірді.

Облыстық партия филиалының «Жастар рухы» жастар қанаты бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да тұрақты жалғастыра беретін болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды