Көктемнің жаршысы болған Наурыз мейрамы қарсаңында Түркістан қаласы ерекше құлпырып, қарбалас көбейді. Биыл да көне шаһар туристердің негізгі бағыттарының біріне айналып, қаладағы қонақүйлердің барлығы дерлік келушілерге толды, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бүгінде тарихи шаһарға шет мемлекеттерден және еліміздің басқа өңірлерінен келушілер саны күрт артуда. Қазірдің өзінде қонақүйлердегі жатын бөлмелердің 90%-ға жуығы толған.
Мерекелік демалыс күндерге барлық қонақүйлердегі төсек-орындар толық брондалған. Сонымен қатар 21 наурыз күні Алматы-Түркiстан-Шымкент-Ташкент-Самарканд пойызымен 250 турист келеді деп күтілуде.
Туристерге 71 орналастыру орны, 1443 бөлме, 3104 төсек-орны қаралған. Сонымен қатар әуе билеттері толық сатылуда.
Мереке қарсаңында пойыздағы жүктемелікті азайту мақсатында 16-29 наурыз аралығында қосымша рейстер жоспарланған.
Айта кету керек, алдын ала есепке сәйкес 2025 жылдың қорытындысымен өңірге саяхаттаған туристер саны 500 мың адамнан асып, өткен жылдың тиісті кезеңінен 15,9%-ға өскен. Тарихи орындарға 1 012 мың адам саяхаттап, өткен жылдан 13%-ға артқан. Айта кетейік, облыста туристерге қызмет көрсететін 265 орналастыру орны жұмыс істеп тұр. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңінен 12,7%-ға өскен.
Наурыз мерекесінде Түркістандағы атшабарда ұлттық спорттың 10 түрінен халықаралық, республикалық жарыстар өтеді. Сонымен бірге Түркістанда республикаға танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен концерттер және өзге де мазмұнды әрі қызықты іс-шаралар ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтар дәріптеледі.

