ҚОЛАЙЛЫ ӘРІ ТАРТЫМДЫ САУДА ОРТАСЫ ҚАЛЫПТАСАТЫН БОЛАДЫ

Қала әкімі Қайсар Маңқараевтың тапсырмасына сәйкес, Арыс қаласындағы «Орталық базар» аумағын ретке келтіру, жабайы сауданы жою және оның сәулеттік келбетін жаңарту бағытында нақты іс-шаралар жоспары әзірленіп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта бүгін қала әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаевтың төрағалығымен арнайы жиын өтті. Бұл туралы Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынға тиісті бөлім мен мекеме басшылары, сондай-ақ базар маңындағы сауда үйлері мен жеке кәсіпкерлік нысандардың иелері қатысты.

Күн тәртібінде Төле би, Майлы Қожа, Салықбаев, Байжанов және Қазыбек би көшелеріндегі нысандардың сыртқы қасбеттерін жаңарту, бірыңғай сәулеттік стиль қалыптастыру және қала орталығының көркін заманауи талаптарға сай ету мәселелері талқыланды.

Жиында Арыс қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрғиса Жанбатыр баяндама жасап, сауда үйлері мен кәсіпкерлік нысан иелеріне жаңа эскиздік жобаларды ұсынды.

Сонымен қатар, жиын барысында бірқатар өзекті мәселелер бойынша пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, сауда павильондарын ретке келтіру, автотұрақ орнын тиімді ұйымдастыру, жабайы сауда қатарларын жою және тозығы жеткен жарнамалық тақтайшаларды жаңалау секілді мәселелер қаралды.

Қорытынды сөзінде Рысдәулет Айтбаев қала орталығының келбетін жақсарту мен сәулеттік үйлесімді сақтау – баршаның ортақ міндеті екенін атап өтіп, кәсіпкерлерді белсенділік танытуға шақырды.

Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып, «Орталық базар» аумағының келбеті жаңарып, тұрғындар мен қала қонақтары үшін қолайлы әрі тартымды сауда ортасы қалыптасатын болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды