Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Шу ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуге ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысып, округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен атқарылып жатқан жұмыстар барысы кеңінен талқыланды. Бұл туралы Созақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аудан басшысы округте жүзеге асқан және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар туралы жан-жақты баяндап, аудан көлеміндегі ірі жобаларға да тоқталып өтті.
Биылғы жылы Шу ауылында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, ауылда жабық шағын футбол алаңының құрылысы жүруде. Шу ауылдық клубы мен кіші футбол алаңы, балалар ойын алаңы ағымдағы жөндеуден өтті. Орталық саябақта абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, ауыл кіреберісіне арка орнату ісі қолға алынды. Сонымен қатар ауылға кіре беріс жол бойы жарықтандырылып, LED экран қойылды. Мұқанов, Иманбеков және Сәтбаев көшелеріне қиыршық тас төселіп, орташа жөндеу жүргізілсе, Абай және Салқауов көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары аяқталды. Әйтеке би көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Бұдан бөлек, Шу ауылдық округі аумағында қатты-тұрмыстық қалдықтар полигоны мен ұсақ малдарға арналған тоғыт нысанының құрылысы жүргізілуде.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, аудан басшысына ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар, бірқатар азаматтар өз ұсыныс-пікірлері мен өтініштерін жеткізді.
Жиын соңында бірқатар тұрғындар жеке мәселелері бойынша қабылдауда болып, жұмыспен қамту мен әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша сұрақтарын қойды.
Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы көтерілген мәселелерді назарға алып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

