ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ҚЫЗМЕТІ БЕЛСЕНДІ

Бүгін Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әлмаханұлы Әбішовтың жетекшілігімен өткен жұмыс жиына қатысып, тұрақты комиссиялардың жұмыс нәтижелерін қарастырдық, алдағы сессияда талқыланатын жұмыс бағыттарын белгіледік.

Жиынға облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Алмас Салимов, кәсіпкерлікті, құрылыс, инфрақұрылымды дамыту, жер қатынастары және табиғат пайдалану мәселелері  жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Сұлтан Көшенов, комиссия төрағаларының орынбасарлары Нұржан Әшіров, Жәнібек Сүлейменов, Ғалымжан Елшібай қатысты.

Депутаттық корпус көтерген мәселелер шеңберінде “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалы тарапынан жүйелі назарға алынған жұмыс бағыттарымызды түсіндіріп өттім. Айта кету керек, жыл басынан бері Түркістан облыстық мәслихатының екі сессия отырысы, тұрақты комиссия құрамдарының үш жұмыс жиыны, қоғамдағы өзекті мәселелерді қамтыған уақытша комиссиялардың екі жұмыс отырысы өтті. Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаттарының қатысуымен 15 іс-шара ұйымдастырылып, өңір тұрғындарының ең өзекті деген сұраныстары талқыға түскен болатын. Бүгінгі басқосуда осы жиындар берген түпкі нәтижелер жан-жақты зерделенді.

Алдағы сессия жұмысында Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау, ветеринария, қаржы және мемлекеттік активтер басқармаларының жұмыс есептерін тыңдап, облыстық тексеру комиссиясының 2024 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы бойынша қорытынды анықтамасын ортақ талқыға салатын боламыз. Бірқатар депутат әріптестеріміз білдірген ұсыныстарға сәйкес, облыс аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензия шарттарының және келісімшарттардың орындалу барысы туралы Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды сессия жұмысында қарау ұйғарылды. Облыстық мәслихаттағы депутаттық корпустың осы және өзге де маңызды бастамаларын алдағы уақытта тұрақты түрде жариялап тұратын боламын.

Алтынсары ҮМБЕТӘЛИЕВ,

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды