Сауран аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы халық қаһарманы полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігіне арналған «Капитан Байтасов» көркем фильмін тамашалады. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Фильм көрсетіліміне бөлімінің басшы құрамы мен жеке құрамы «Жас сақшы» сыныбының оқушылары, сондай-ақ Ішкі істер органдарында қызмет бабында қаза тапқан Маршабаев Расул Зубайдуллаұлының апасы Анар Оспанова арнайы құрметті қонақ ретінде шақырылды.
Кездесу барысында Анар Оспановаға гүл шоқтары табысталып, ерлік рухына тағзым етілді. Көрсетілім барысында қызметкерлер мен оқушылар батыр полицей Ғазиз Байтасовтың Отан алдындағы адалдығы мен ерлігінен үлкен әсер алып, ел тыныштығы жолында аянбай қызмет етудің маңызын терең түсінді.
Осындай рухани маңызы зор іс-шаралар полиция қызметкерлерінің бойында патриоттық сезім мен елге адал қызмет ету рухын қалыптастырып, жас ұрпаққа ерлік пен отансүйгіштіктің мәнін ұғындыруға ықпал етеді.

