«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев Арыс қаласына жасаған жұмыс сапары барысында инфрақұрылым, жылу беру жүйелері мен әлеуметтік нысандарды аралауды жалғастырды. Сапар барысында ол «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков, қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов және қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметовпен бірге «Отырар» тұрғын ауданында бой көтеріп жатқан жаңа білім ошағының құрылыс қарқынымен танысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл нысан «AMANAT» партиясының Түркістан облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының Жол картасында көрсетілген маңызды әлеуметтік жобалардың бірі.
Жаңа мектеп 600 оқушыға арналып салынуда. Үш қабатты, сәулеті келіскен заманауи ғимарат 4 гектар аумақта орналасқан. Білім ордасы заман талабына сай жабдықталып, болашақ ұрпаққа сапалы білім мен жайлы орта ұсынуға бағытталған. Мектеп ішінде, кең және жарық пәндік кабинеттер, технологиялық және шығармашылық шеберханалар, спорт залы мен акт залы, жайлы асхана және заманауи спорт алаңдары қарастырылған.
Инженерлік инфрақұрылым да толық шешілген. Нысан табиғи газбен жылыту жүйесіне қосылған, қауіпсіздік талаптарына сай заманауи жүйелер орнатылуда. Қазіргі уақытта абаттандыру жұмыстары қарқын алған. Аумақта демалыс аймақтары, жасыл желектер мен көгалдандыру бұрыштары құрылып жатыр.
Партияның облыстық филиалының төрағасы жетекші партияның басты мақсаты да халықтың өмір сапасын арттырып, балалардың жарқын болашағын қалыптастыру екенін жеткізді.
«Бұл мектеп Арыс балаларына білім, тәрбие және даму үшін қолайлы орта сыйлайды. Құрылыс сапасы басты назарда. Біздің міндет әр отбасыға қолжетімді сапалы білім беру ортасын жасау», — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Отырар тұрғын ауданында бүгінде 700-ден астам мектеп жасындағы бала бар. Олар ұзақ жылдар бойы көршілес аудандардағы мектептерге қатынап оқып келген. Жаңа білім ордасының ашылуы ата-аналар мен оқушылар үшін қуанышты жаңалық, үлкен әлеуметтік мәселенің шешімі. Бұл туралы партияның Арыс қалалық филиалының төрағасы да атап өтті.
«Бұл мектеп партияның берген уәдесінің айқын орындалуы. Біз әрбір әлеуметтік нысанның сапасын бақылап, халықтың сенімін ақтауға жұмыс істеп келеміз. Мұнда оқушылар қауіпсіз, заманауи және жайлы ортада білім алады», — деді Бақтығали Ділдәбеков.
Оқу орны пайдалануға берілген соң жас өрендер сапалы білім алып қана қоймай, шығармашылық және спорт бағытында да жан-жақты дамуға мүмкіндік алмақ. «Отырар» тұрғын ауданындағы жаңа мектеп тек білім беру нысаны ғана емес, Арыстың келешек дамуына бағытталған маңызды әлеуметтік жоба. Бұл бастама мемлекеттің, партияның және жергілікті қоғамның ортақ еңбегінің нәтижесі. Жаңа білім ордасы жуық арада балаларға есігін айқара ашпақ.

