ҚОҒАМНЫҢ ДАМУЫ МЕН ЕЛДІҢ ӨРКЕНДЕУІ ТҰРАҚТЫЛЫҚҚА БАЙЛАНЫСТЫ

Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Бекбашұлы Тлемисов жұмыс сапарымен Қазығұрт ауданына келіп, аудан әкімдігінде мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесу өткізді. Бұл туралы Қазығұрт ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуге Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Мұхамедғали Әшірбаев, аудан прокуроры Руслан Абдраимов, дербес бөлім басшылары және құқық қорғау саласының қызметкерлері қатысты.

Жиынның негізгі мақсаты – аудан аумағындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ жастар мен кәмелетке толмағандар арасында орын алатын әлімжеттік, суицид, зорлық-зомбылық секілді келеңсіз жайттардың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды талқылау болды.

Өз сөзінде Дәулет Бекбашұлы Тлемисов соңғы уақытта мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне қатысты қорқыту мен бопсалау фактілерінің жиілеп отырғанына назар аударып, мұндай әрекеттерге дер кезінде құқықтық баға берудің маңыздылығын атап өтті.

– Қоғамда тыныштық пен тұрақтылықты сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдары әрбір азаматтың құқығын қорғап, ел бірлігі мен бейбіт өмірді қамтамасыз ету жолында қызмет етуі тиіс. Заңға қайшы әрекеттерге бейжай қарауға болмайды, – деді ол өз сөзінде.

Сонымен қатар, облыс прокурорының орынбасары билік пен халық арасындағы өзара сенімді нығайту, ақпараттық қауіпсіздікке назар аудару және арандатушылық әрекеттердің алдын алу бағытында бірлесе жұмыс жүргізудің маңызын атап өтті.

– Қоғамның дамуы мен елдің өркендеуі ең алдымен тұрақтылыққа байланысты. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметкер өзіне жүктелген міндетті адал атқарып, ел игілігі жолында жұмыс істеуі тиіс, – деді Дәулет Тлемисов.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды