ҚОҒАМДЫҚ ОРЫНДАРДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІКТІ САҚТАУ ЖҰМЫСТАРЫ БАЯНДАДЫ

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне қатысты комиссияның отырысы өтті. Жиынға құқық қорғау органдары, білім және денсаулық сақтау саласы мен бөлім, мекеме басшылары, ауылдық округтер мен кент әкімдері қатысты. Бұл туралы Созақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Күн тәртібінде төрт негізгі бағыт қаралды. Алдымен Созақ аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Нұрәділ Ерман қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті сақтау мақсатында атқарылған жұмыстарды баяндады. Сондай-ақ нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы әрекеттер, профилактикалық кездесулер, оқу орындарымен бірлескен түсіндіру шараларына тоқталды.

Жиында жол қауіпсіздігі мәселесі де назарға алынды. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен автожолдардың жай-күйі бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Аманов өз ұсыныстары мен атқарылған жұмыстарды таныстырды.

Сонымен қатар, ерте жүктілік, ұрлық және басқа да құқық бұзушылықтар бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар туралы Созақ аудандық білім бөлімі басшысы Абай Өтебаев, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Нұрлан Бердімұратов баяндады. Білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің жұмысын күшейту, ата-аналармен байланысты нығайту, жасөспірімдерге медициналық және әлеуметтік кеңес беру жұмыстарына кеңінен тоқталды.

Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы жиын барысында талқыланған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар жүктеп, салааралық өзара үйлесімділікті күшейтуді тапсырды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды