ҚОҒАМДЫҚ БАСТАМАЛАРҒА БЕЛСЕНЕ ҚАТЫСУ МАҢЫЗДЫ

Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің жетекшілігімен кеңейтілген аппарат жиыны өтті. Онлайн форматта ұйымдастырылған жиынға партияның қалалық, аудандық филиалының төрағалары мен атқарушы хатшылары бейнеконференция арқылы қатысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Кеңесте партия филиалына жүктелген негізгі міндеттердің орындалу барысы сараланып, жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың нәтижелері талданды. Сондай-ақ ішкі тәртіп пен орындаушылық мәдениеттің орнығуы, партия құрылымдарының жұмыс қарқыны және алдағы кезеңге арналған нақты межелер жан-жақты талқыланды.

Партиялық қызметті жетілдіру жолында атқарылып жатқан жұмыстар мен орын алған олқылықтар да назардан тыс қалмады. Әсіресе, партия құрылымдарының тиімділігін арттыру, өзекті мәселелерді дер кезінде анықтап, олардың оң шешілуіне жол ашатын тетіктер қарастырылды. Бұл міндеттер партиялық кадрлардың кәсіби деңгейін арттырып, қоғам сұранысына сай жұмыс істеуіне серпін береді.

Жиын барысында облыстық филиал төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев бастауыш партия ұйымдарының жұмысына қатысты рейтингтік нәтижелер бойынша баяндама жасап, бірқатар бағыттарға жеке тоқталды. Атап айтқанда, бастауыш ұйымдарды арнайы кабинетпен және материалдық-техникалық базамен қамту, қоғамдық қабылдау бөлмелерінің тиімділігі, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, медиа белсенділік, партия қатарына жаңа мүшелерді тарту сынды көрсеткіштер егжей-тегжейлі талданды.

Сонымен қатар, жергілікті мәслихаттармен өзара ықпалдастықты арттыру қажеттілігі айтылып, партиялық фракция депутаттарының мемлекеттік және қоғамдық бастамаларға белсене қатысуы маңызды екені атап өтілді.

Жиын соңында партия филиалдарының жұмысын одан әрі жандандыруға бағытталған ұсыныстар айтылды. Қаржылық сауаттылықты арттыру, экологиялық бастамаларды қолдау, оқу мәдениетін дамыту және түрлі әлеуметтік топтармен тығыз байланыс орнату сынды бағыттарда нақты қадамдар жасау қажеттігі баса айтылды. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруда депутаттық корпуспен бірлескен іс-шаралар жүргізу де басты назарға алынды. Алдағы сайлауларды жоғары деңгейде ұйымдастыру мәселелері, партиялық нысандардың мониторингі: жол картасы аясында салынған объектілерге қатысты жұмыс, сайлауалды бағдарламалардың орындалу барысының фракция отырысында қаралуы  және қызметтік тәртіптің сақталуы да айтылды.

Кеңейтілген аппарат жиыны қорытындысында нақты жұмыс бағыттары белгіленіп, олардың орындалуы облыстық филиал төрағасының тікелей бақылауына алынды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды