Түркістан облысы прокурорының орынбасары Тлемисов Дәулет Бекбашұлы Жетісай ауданына жасаған іс-сапары барысында аудан әкімдігі аппаратында мемлекеттік қызметшілермен, этно-мәдени орталық төрағаларымен және құзырлы орган басшыларымен кездесіп, арнайы жиын өткізді. Бұл туралы Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталмыш басқосуға аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудан прокуроры Айдархан Жүнісбеков, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Сәкен Досымов қатысты.
Аудан аумағында құқықбұзушылық, саяси тұрақтылықты сақтау профилактикасын кешенді жүзеге асыру шараларын нақтылау, пысықтау, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен оларға қатысты әлімжеттік, суицид, зорлық-зомбылық профилактикасы бағытында уәкілетті органдармен жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігін қарау мақсатында өткен келелі кеңесте Дәулет Бекбашұлы мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме басшылары мен қызметкерлеріне қатысты бопсалау, қорқыту сынды фактілерінің соңғы кездері жиі орын алып отырғанын айтып, тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Билік пен бұқараның арасына іріткі салып, қоғамды бүлікке бастайтындармен бірігіп күресуге шақырды.

