ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ АРТТЫРУ БАҒЫТЫНДА БЕЙНЕБАҚЫЛАУ ЖҮЙЕЛЕРІ ОРНАТЫЛАДЫ

Түркістан қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл шаралар көлік қозғалысын тиімді реттеуге, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Жыл басынан бері қала аумағында 1 748 жол белгісі орнатылған. Оның ішінде 310-ы білім беру ұйымдарының маңына қойылған. Сонымен қатар, 400 шақырым жол таңбалары жаңартылып, 200 жаяу жүргінші жолағы қайта сызылды. Мектептер мен халық көп шоғырланатын аймақтарда көлік жылдамдығын төмендету мақсатында жалпы ұзындығы 306 метрді қамтитын 35 орынға жасанды жол кедергілері орнатылды. Сондай-ақ, биыл 7 жерде бағдаршам нысандары жаңартылып, қосымша 5 аймақта жаңа бағдаршам орнату жоспарланған.

Қала әкімдігінің бастамасымен қоғамдық қауіпсіздікті арттыру бағытында бейнебақылау жүйесін жаңғырту жұмыстары да жүргізілуде. 2025 жылы жалпы 410 бейнебақылау камерасына қызмет көрсетіліп, оның ішінде 200 камера жаңғыртылды. Сондай-ақ, қосымша 210 жаңа бейнебақылау камерасы орнатылуда. 2026 жылға жоспарланған жұмыстар бойынша қалада 275 жаңа бейнебақылау камерасы орнатылатын болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды