Түркістан облысы, Сайрам ауданында «Заң мен тәртіп» тақырыбында жастармен кең көлемді кездесу өтті. Шараның мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, әділдік пен адалдық қағидаттарын насихаттау, заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру және қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілік ұстанымдарын нығайту. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Маңызды кездесуге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев, облыс прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Абылайхан Наурызбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев, сондай-ақ құқық қорғау органдарының басшылары мен танымал қоғам қайраткерлері қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары қоғамда заң үстемдігін орнату – барша азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ ол құқықтық мәдениетті арттыру, тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізіп, бұл іске барлық сала өкілдері мен тұрғындарды жұмыла атсалысуға шақырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру баршамызға маңызды міндет екенін атап өтті. Бүгін біз еліміздің болашағы – жастармен заң мен тәртіп қағидаты аясында бас қосып отырмыз. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген қанатты сөзі бар.
Мемлекеттің дамуы үшін мызғымас тәртіп пен отаншылдық қажет. Қоғам тұрақтылығы мен бейбіт өмірдің кепілі – заңның үстемдігі мен тәртіптің сақталуы.
Осы мақсатта облыста қажетті шаралар атқарылуда. Облыс аумағында азаматтар үшін қауіпсіз ортаны құру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілетін болады. Қоғамда заң мен тәртіп бірінші орында тұруы керек. Оған бәріміз атсалысуға міндеттіміз, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Кездесудің құрметті қонақтары қатарында белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы, журналист Руслан Өтепбай, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, айтыскер ақын Біржан Байтуов, «Жайдарман» ойындарының қатысушысы, актер Мансар Орынхан, және әлем чемпионы, Олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосынов болды.
Шара барысында қатысушылар қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтық жауапкершілігі мен тәртіпке бағыну мәдениетін қалыптастыру, жастардың қоғамдағы белсенді рөлі туралы өз ойларын ортаға салды. Спикерлер жастарды әділдікке, адал еңбек етуге, заңды құрметтеуге және азаматтық жауапкершілікті арттыруға үндеді.
Кездесу соңында жастар өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын еркін түрде жеткізді. Ұйымдастырушылар жастардың белсенділігін атап өтіп, алдағы уақытта «Заң мен тәртіп» тақырыбындағы осындай кездесулердің тұрақты түрде өткізіліп тұратынын айтты.

