Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Арман Бейсенбаевтың басшылығымен өңірдің медицина саласы қызметкерлеріне арналған интернет алаяқтықтың алдын алу бағытында онлайн-жиын өткізілді. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу Zoom платформасы арқылы ұйымдастырылып, оған Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мен облыс аумағындағы 45 медициналық мекеменің қызметкерлері қатысты.
Барлығы 7 мыңнан астам медицина қызметкерлерін қамтыған бұл жиында полиция қызметкерлері интернет алаяқтықтың кең тараған түрлерін, олардың жасалу әдістері мен азаматтардың жеке деректерін қорғау тәсілдерін түсіндірді.
Қатысушыларға онлайн төлемдер кезінде сақтық шараларын ұстану, күмәнді сілтемелер мен хабарламаларға сенбеу, бейтаныс тұлғаларға банк деректерін бермеу жөнінде нақты кеңестер берілді.
Полицейлер мұндай кездесулердің қоғамдағы цифрлық қауіпсіздік мәдениетін арттыруға және интернет кеңістігінде жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алуға зор ықпал ететінін атап өтті.