Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Бекбашұлы Тлемисов жұмыс сапарымен Келес ауданына келіп, аудан әкімдігінде мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесу өткізді. Бұл туралы Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиынға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, аудан прокуроры Нұрлан Ешенқұлов, сондай-ақ дербес бөлім басшылары мен құқық қорғау саласының қызметкерлері қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – аудан аумағындағы қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу, жастар мен кәмелетке толмағандар арасындағы әлімжеттік, суицид, зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды талқылау болды.
Өз сөзінде Дәулет Бекбашұлы соңғы уақытта мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне қатысты қорқыту мен бопсалау деректерінің жиілегенін атап өтіп, мұндай келеңсіздіктерге дер кезінде құқықтық баға беріп, бейжай қарамау қажеттігін айтты.
Сондай-ақ, ол билік пен халық арасындағы өзара сенімге сызат түсіретін арандатушылық әрекеттерге жол бермеу үшін барлық мемлекеттік органдардың бірлесе жұмыс істеуі маңызды екенін жеткізді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев өз кезегінде мемлекеттік қызметшілердің басты міндеті – халықтың сенімін ақтап, қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты сақтауға атсалысу екенін атап өтті.

