Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері аудан тұрғындарына ұлтаралық қатынастарда түсіністік пен татулықты нығайту, сондай-ақ қақтығыстардың алдын алу мақсатында кездесу ұйымдастырды. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шараға аудандық прокуратура өкілдері, мешіт имамы, жастар ресурстық орталығының мамандары, ауыл билері мен “Қоғамдық келісім” орталығының басшылары қатысты.
Басқосу барысында қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, өзара сыйластық пен халықтар арасындағы бірлікті нығайту мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар этносаралық достық пен бейбітшілікті сақтау – ел дамуының басты кепілі екенін атап өтті.
Шара соңында ұйымдастырушылар тұрғындарды өзара түсіністік пен ауызбіршілікті сақтауға шақырып, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайту бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.

