ҚОҒАМДА ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ БЕДЕЛІН АРТТЫРУ – ӘРБІР ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ ПАРЫЗЫ

– Мен өз кәсібімде оның ішінде қызмет етіп жүрген басқармамда алғашқы офицер әйелмін. Ол мен үшін үлкен мәртебе. Алайда полиция формасы – тек киім емес, ол – сенім мен жауапкершілік нышаны. Себебі халық бізге үмітпен қарайды. Сондықтан әр полицей өз ісіне адал болып, ел сенімін ақтауы керек. Бұл мамандықтың салмағы ауыр, бірақ әйел болмасам да халықтың тыныштығы мен амандығы үшін қызмет ету – мен үшін ең үлкен мәртебе, — дейді полиция полковнигі Жанат Орманова.

Ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – полиция қызметінің басты міндеті. Бұл жолда қажырлы еңбегімен көзге түскен, өз ісіне адал мамандардың бірі – Жанат Балтабекқызы Орманова. Ол — өмірін қоғам игілігі мен мемлекет тұрақтылығына арнаған білікті офицер, тәжірибелі басшы, ұлағатты ана деп хабарлайды Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жанат Орманова Балтабекқызы 1974 жылдың 22 қазанында Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында дүниеге келген. 1981 жылы Ақсу ауылындағы Горький атындағы мектептің табалдырығын аттап, 1991 жылы орта білімін аяқтады. Жасынан еңбекқор, ізденімпаз болып өскен Жанат мектеп кезінен-ақ өз өмірін елге қызмет етуге арнауды мақсат етті.

Мектеп бітірген соң еңбек жолын Сайрам аудандық ішкі істер бөлімінде хатшы қызметінен бастады. Жас маманның жауапкершілігі мен ұқыптылығы көп ұзамай басшылықтың назарын аударды. 1993 жылы ол Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, 1997 жылы филология факультетін «Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдады. Кейін 1997–2010 жылдары Қарағанды экономикалық университетінің заң факультетінде білім алып, «заңгер» мамандығын иеленді.

2011 жылдан 2018 жылға дейін облыстық ІІД басқарма штабының аға инспекторы болып, ішкі істер органдарындағы тәртіп пен басқару жүйесін жетілдіруге өз үлесін қосты. Ал 2018–2019 жылдары жаңадан құрылған Түркістан облысы ІІД басқарма штабының аға инспекторы лауазымында жұмыс істеді. Осы жылдар ішінде кәсіби тәжірибе жинақтап, әріптестері арасында беделге ие болды.

2019 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Жанат Түркістан облысы полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасында қызмет атқарып келеді. 2022 жылдан бастап осы басқарманың аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция полковнигі. Бұл – оның көпжылдық еңбегі мен кәсіби шеберлігінің нәтижесі.

Полиция полковнигі бүгінде – өз қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын, азаматтардың сенімін ақтауға тырысатын абыройлы тұлға. Ол әр ісіне тиянақтылықпен қарап, жас мамандарға үлгі болып келеді. Көп жылдық қызмет барысында талай күрделі істердің ашылуына атсалысып, қоғамның тыныштығын сақтауға зор үлес қосты.

Қызмет бабындағы табандылығы мен еңбексүйгіштігі оны әріптестері арасында беделді етті. Ол жұмыстың қиындығынан қорықпай, ерлермен иық тірестіре еңбек етіп келеді. Соған қарамастан, үш баланың ардақты анасы ретінде отбасылық жылылық пен қызметтік жауапкершілікті қатар алып жүр.

Жанат Орманованың айтуынша, қазіргі қоғамда полиция қызметінің беделін арттыру – әрбір қызметкердің парызы.

Бүгінде Жанат Балтабекқызы өз саласында үлкен тәжірибеге ие, кәсіби маман. Оның өмірлік ұстанымы – «Халыққа қызмет ету – ең үлкен абырой» Оның табандылығы, еңбекке адалдығы мен елге деген сүйіспеншілігі жас буынға бағыт беріп, болашақ полиция қызметкерлеріне шабыт сыйлап келеді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды