ҚОҒАМ ҚАУІПСІЗДІГІ ҮШІН АЯНБАЙ ЕҢБЕК ЕТІП ЖҮРГЕН КӘСІБИ МАМАН

Бүгінде қоғам тыныштығын күзету жолында ерлермен қатар иық тіресіп, абыройлы қызмет атқарып жүрген шенді арулар көп. Солардың бірі Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы полиция майоры Ақмаржан Құлмағамбетова. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ол өз ісіне адал, жүрегі мейірімге толы, қоғам қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген кәсіби маман.

Сауран аудандық полиция бөлімінде қызмет ететін Ақмаржан Мәлікқызы жастайынан тәртіп сақшысы болуды арман еткен. Ол мектеп жасында жүріп, ел үшін еңбек етуді ойлап, көп ізденді.

Алғашқы еңбек жолын Шымкент қаласы Еңбекші аудандық полиция бөлімі тергеушінің көмекшісі қызметінен бастады. Үш жыл осы бағытта еңбек еткен Ақмаржан кейінгі қызметтерін Түркістан облыстық полиция департаменті мен Кентау қаласы, Сауран аудандарында нәтижелі жалғастырды.

Полиция майоры тәжірибесін шыңдай жүріп, мінсіз атқарған қызметі үшін басшылық тарапынан марапаттауларға ие болды.

Қазіргі таңда Ақмаржан әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы қызметін атқаруды қолға алған. Осы лауазым жүктелген жауапкершілікті жоғары деңгейде орындайтын ол, бұл қызметке де бар күш жүгерімен кірісті.

«Біз әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, бала мен ананы қорғау және отбасының қоғамдағы рөлінің нығаюы үшін қолданылатын шаралармен тұрғындарды таныстырып отырамыз. Егер әйел күйеуінен жәбір көріп, жедел жәрдемге қоңырау шалса, ауруханаға түскен соң «Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша тізім» журналына тіркеледі. Біз іс ашып, айыппұл жазасы және әкімшілік қамау жазаларын тағайындаймыз”, – дейді ол.

Полиция майорының түрлі тағдырмен бетпе-бет келіп, қиын жағдайға тап болған әйелдер мен балалардың құқығын қорғап, оларға қолдау көрсетіп, жаңа өмірге үміт сыйлап жүрген еңбегі – ерекше құрметке лайық.

Ақмаржанның табандылығы, батылдығы, азаматтарға деген жанашырлығы, көптеген отбасының қауіпсіздігін сақтап, талай жанның тағдырын өзгертіп жүргені — қоғамға қосқан өлшеусіз еңбек.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды