Бүгін «AMANAT» партиясы Ордабасы аудандық филиалының төрағасы Әлиасқар Бердімұрат, Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұрзат Ортай, жергілікті мәслихат депутаты Ғалымжан Қалқаманов және комиссия мүшелері Шұбарсу ауылындағы 600 орындық мектептің құрылысымен танысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Ордабасы аудандық филиалы хабарлады.
Аталған жоба партияның сайлауалды бағдарламасы мен жол картасы шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. Мектеп құрылысы бойынша мердігер «Дос и К» ЖШС-мен келісімшарт 2023 жылдың 25 желтоқсанында бекітілген. Жобаның жалпы құны – 2,7 млрд теңге. 2024 жылы бөлінген қаржы көлемі – 200,8 млн теңге. Құрылыс 2025 жылға өтпелі, қазіргі уақытта қосымша корпустың жұмыстары жүргізілуде. Нысан келімшарт бойынша ағымдағы желтоқсан айына тапсырылуы тиіс.
Комиссия мүшелері құрылыс барысын қадағалап, жұмыстардың белгіленген мерзімде сапалы әрі толық аяқталуын талап етті. Нысан алдағы уақытта ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік инфрақұрылымға айналмақ.

