Бүгін – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Шығармашылық адамдарына деген айрықша құрметтің белгісі саналатын бұл мереке елімізде 2013 жылдан бері мәдениет саласы қызметкерлерінің кәсіби мейрамы ретінде атап өтіледі. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен Ақордада салтанатты жиын өтіп, ұлтымыздың болмыс-бітімін сақтауға, халқымыздың руханиятын байытуға зор үлес қосып жүрген бір топ өнер қызметкерлері мемлекеттік наградаларға ие болды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
«Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі», — деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ұлт руханиятының жанашыры болу, ұлттың өз болмысына сай болуын қамту, дәстүрін дәріптеп, халықтық құндылықтарына адалдық таныту міндеттері — «AMANAT» партиясының алға қойған басты бағыттарының бірі. Біз мәдениет саласын, ең алдымен, халқымыздың ұлттық құндылықтар жүйесін топтастырған ең құнды қазынамыз – жәдігерлік деп санаймыз. Мәдениет ұғымының астарында қазақ дүниетанымы, атадан балаға мирас боп қалған рухани байлығы, өткені мен бүгінін, болашағын байланыстыратын салт-санасы, ғұрып-дәстүрі бар деп білеміз. Өнерге қызмет етіп, ұлт құндылықтарының өміршеңдігін қамтып жүрген мәдениет майталмандары мен өнер иелерін – халық мақтаныштары деп білеміз.
Мәдениет пен өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы қастерлі Түркістан топырағында мәдениет саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, қазақ руханиятының берекелі ордасы болған шаһарда қасиетті өнердің қанаттанып, қалықтауына еңбегі сіңген азаматтарға ізет білдіріп, құрмет көрсетті. Партияның облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, мәдениет саласының ардагері Ұлжалғас Мұстафаева мен елімізге белгілі композитор, ғалым, ұстаз, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Мәдениет саласының үздігі Бекжігіт Сердәліге өңіріміздегі 85 мыңға жуық партияластарымыздың атынан ыстық ілтипатты құттықтауын білдірді.
– Өнер мен мәдениет – егіз ұғым. Әрбір елдің рухани күші – оның мәдениетімен өлшенеді. Мәдениет пен өнерді қолдау – партияның басым бағыттарының бірі. Біздің «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламамыздың «Ұлттық мәдениетті қолдау» бағытында мәдениет саласына қатысты біршама мақсаттар мен міндеттер айқындалған. Сол себепті де, Партия Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов өңірімізге жасаған әрбір сапарында міндетті түрде жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесулер өткізіп, өзара пікір алмасады. Облыстық партия филиалы жанынан мәдениет пен өнерді қолдауда «МIRAS» кеңесі қызмет атқарады. Оның отырыстарында өңірдің мәдениет саласына қатысты өзекті мәселелер талқыланып, шешімдерін тауып келеді. Өткен аптада, аталған кеңестің Қазығұрт ауданындағы көшпелі отырысы өтіп, өңір зиялылары аталған ауданның мәдениетін, руханиятын, туризмін дамыту бағытындағы құнды ұсыныстарын білдірді, — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Қазақ руханиятының алтын бесігі саналатын Түркістан қаласына биыл Мемлекет басшысының тарихи Жарлығымен ерекше мәртебе беріліп, ол еліміздің – рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы ретінде танылды. Сан ғасырлық тарихы бар қасиеті мекен Түркі жұртына ортақ, түркітілдес халықтардың мәдени құндылығы болып айқындалды. Бұл шаһар түбі бір түркілердің мызғымас достығына арқау болған, тамыры бір тарихы мен салт-дәстүрін айшықтаған берекелі ордаға айналды.
Түркістанның түлеуіне сан буынның белді өкілдерінің еңбегі сіңгені ақиқат. Қайта түлеген Түркістанның бүгінгі биігінен қарайтын болсақ, оның мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне адалдық танытқан азаматтардың шоғырын көреміз. Соның ішінде қасиетті мекеннің рухани түлеуіне, оның мәдени өмірінің қайта жандануына қолтаңбасын қалдырған, 20 жылға жуық уақыт бойы Түркістан қалалық мәдениет бөлімін басқарған, бүгінде қалалық Аналар кеңесіне жетекшілік ететін Ұлжалғас Әбенқызының қайраткерлік еңбегін бір төбе деп білеміз. Көптеген өнерліге өріс болған, таланттыға қамқорлық танытып, киелі сахна әлеміне жол ашқан жерлесіміз мәдениет саласына өмірінің жарты ғасырын арнаған.
Сазгерлік қарымымен жұрт ұйып тыңдайтын сәулелі жырлар жазған Бекжігіт Кенжебекұлын да түркістандықтар ерекше құрмет тұтады. Елдің ыстық ықыласына бөленген әндердің авторы, сағыныш сазын, махаббат назын, сезім иірімдерін шеберлікпен қатар өрбітіп, тыңдаушыны өзінің сиқырлы әлеміне баурайды. «Түркістаным – Тұраным» әні Түркістанның бойтұмары болып мәңгілікке қалықтады. Бекжігіт Сердәлі облыстық партия филиалы жанындағы «MIRAS» кеңесінің мүшесі ретінде өңірдің мәдениет саласының өркендеуіне азаматтық үлесін қосып келеді.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы отандық мәдениет пен өнердің дамуына, рухани байлығымыздың еселене түсуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген барша мәдениет қызметкерлерін бүгінгі кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, мәдениетіміздің қазынасына қосқан шығармашылықтарыңызға шалқар шабыт, отбасыларына амандық тілейді.