НЕГІЗГІ МАҚСАТ – ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ЖЕДЕЛ ШЕШУГЕ ЫҚПАЛ ЕТУ

Қоғамдық қабылдаулардың негізгі мақсаты – халықтың талап-тілегін тыңдап, түйткілді мәселелерін жедел шешуге ықпал ету. Осы орайда бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Асылбекұлы аудан тұрғындарымен қоғамдық қабылдау өткізіп, олардың өтініштері мен ұсыныстарын жеке-жеке қарады. Қабылдауға аудандық партия филиалының төрағасы Сағынбек Жақсыбекұлы, тиісті бөлім басшылары және аудан тұрғындары қатысты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Қабылдау барысында:

Бабайқорған ауылының тұрғыны Ө. Атажанов “Назгүл” балабақшасының аумағына жапсарлас орналасқан жер телімінің көгалдандыру мақсатында жекешеленіп кеткеніне шағымданды. Бұл мәселе бойынша заңдылықтары зерделеніп, тиісті шешім қабылданатын болады.

Шаға ауылының тұрғыны Б. Мырзаев Түркістан көшесі бойындағы автомобиль жолы астындағы тозығы жеткен трубаны ауыстыруды және аталған көшеге жол кедергісінің орнатылмай жатқанына шағымданды. Нәтижесінде Шаға елді мекеніндегі Мектеп және Түркістан көшелерінің қиылысына жасанды жол кедергісі орнатылды. Сонымен қатар Түркістан көшесіне қосымша жол кедергілерін орнату бойынша бюджеттен қаржы қарастыру үшін ұсыныс енгізілген.

Шорнақ ауылының тұрғыны О. Усман №1 тұрғын үйдің жылу жүйесі және домофон орнату мәселесін көтерді. Аудан әкімі М. Таңғатаров “Гранд Строй” ЖШС-не қосымша жылу батареяларын қосу бойынша тапсырма беріп, қазіргі таңда қажетті көлемді есептеу жұмыстары жүргізілуде. Ал домофон орнату мәселесі Сот сараптамасының қорытындысы шыққаннан кейін сметалық құжаттамасы әзірленіп, орнату жұмыстары басталады.

Қарашық ауылының тұрғыны М. Бижанова қызы Г. Бижанованы тұрақты жұмысқа орналастыруға көмек сұрады. Бұл мәселе бойынша тиісті сала басшылары қажетті бағыт-бағдар беріп, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Майдантал ауылының тұрғыны Ұ. Шотаева суармалы және жайылымдық жер телімін алуға өтініш білдірді. Жер кодексінің 43-1 бабына сәйкес аталған санаттағы жерлер конкурстық негізде берілетіндігі түсіндірілді. Биылғы жылдың 25 желтоқсанында өтетін конкурсқа қатысу үшін азаматша өз өтінішін тапсырды.

Қабылдау барысында көтерілген барлық мәселелер бақылауға алынып, нақты шешімдер қабылдау үшін жауапты бөлім басшыларына тапсырмалар берілді. Аудан әкімі тұрғындар сұрақтарының орындалу барысын жеке қадағалайтындығын атап өтті.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды