Түркістандағы білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шаралары тексерілді. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан қаласындағы бірнеше білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шараларының сақталу деңгейіне тексеру жүргізілді. Іс-шараға Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ермек Өсербаев арнайы қатысты. Тексеру барысында оқу орындарындағы қауіпсіздік жүйелерінің жұмысы, бейнебақылау құрылғыларының тиімділігі және «SOS» батырмаларының техникалық жағдайы қаралды.
Сонымен қатар оқушылардың мектепке кіріп-шығу тәртібі, ата-аналардың және бөгде азаматтардың кіру ережелері де бақылауға алынды. Полиция қызметкерлері оқу орындарының әкімшілігіне бірқатар ұсыныстар беріп, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті күшейту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында алдын алу шараларын тұрақты түрде жүргізудің маңыздылығына тоқталды.
Мұндай жұмыстардың негізгі мақсаты – оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оқу процесін кедергісіз әрі қорғалған ортада өткізу және ата-аналардың сенімін арттыру. Жауапты органдар алдағы уақытта да білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік шараларын жүйелі түрде бақылап, балалардың қорғалған ортада білім алуын басты назарда ұстайтын болады.

