ӨНДІРІСТІК ПАРКТЕРДІҢ БАСТЫ ТИІМДІЛІГІ – ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫНЫҢ АШЫЛУЫ

Өңіріміздің экономикалық әлеуетін арттыруда өндірістік парктердің рөлі айрықша. Олар – кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инвестиция тартуға мүмкіндік беретін тиімді алаң болып бекіді. Осы тұрғыда қолға алынып жатқан өндірістік парк жобалары жергілікті экономиканы әртараптандырып, өңірдің тұрақты дамуына серпін беріп отыр. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Шардара қаласында өңір экономикасын әртараптандыруға арналған жаңа өндірістік парк салынуда. Аумағы 2 гектарды алып жатқан бұл жоба ауданның аграрлық әлеуетін өндірістік бағытпен ұштастырып, шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік ашады. Құрылысы өткен жылғы қыркүйек айында басталған жобаның қазіргі жағдайын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Қайрат Балабиев, партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық мәслихат депутаты Бақытжан Серманизов арнайы барып көрді.

Жаңа өндірістік парк кәсіпкерлер үшін дайын инфрақұрылымы бар қолайлы алаң ретінде жоспарланған. Мұнда электр, су, кәріз және газ желілерін кезең-кезеңімен тарту көзделіп, өндіріс ашуға ниетті инвесторлар мен жергілікті кәсіпкерлерге нақты жағдай жасалуда. Мұндай тәсіл өндірісті қысқа мерзімде іске қосуға мүмкіндік береді.

Жоба аясында өндірістік парк аумағында 6 ғимарат салу жоспарланған. Әр ғимараттың биіктігі – 5 метр, ені – 10 метр, ұзындығы – 20 метр болады. Қазіргі таңда ғимараттардың іргетасы құйылып, металл каркастары тұрғызылған. Қабырғалары мен шатырлары сэндвич-панельдермен қапталатын болады. Құрылысқа қажетті материалдарға тапсырыс беріліп, жеткізілуі күтілуде. Бүгінгі таңда құрылыс алаңында 15 жұмысшы мен 2 арнайы техника жұмыс атқаруда.

Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев аудан кәсіпкерлерімен жүргізілген кездесулер нәтижесінде 6 кәсіпкер өндірістік парк аумағында өз өндірістерін орналастыруға қызығушылық танытқанын айтты. Олар жиһаз өндірісі, үй қасбеттерін әрлеу бұйымдары, пеноблок шығару және жылыту панельдерін өндіру бағыттарында жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Парктегі құрылыс жұмыстары 2026 жылғы 1 сәуірге дейін толық аяқталады деп көзделгені айтылды.

Аудан басшылығымен және сала жетекшілерімен кездесу барысында Парламент Мәжілісінің депутаты Қайрат Рахымұлы, Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру мен нақты өндірісті күшейту бойынша тапсырма бергенін айтып, Түркістан облысында іске асырылып жатқан өндірістік парктер тек қана жаңа нысандар емес, өңір экономикасын жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық бастамалар екенін жеткізді. Бұл бағыттағы жұмыстар шағын және орта бизнесті қолдап, жергілікті кәсіпкерлерге дайын инфрақұрылыммен жұмыс істеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

— Өндірістік парк іске қосылған кезде жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың тұрақты табысқа қол жеткізуіне жол ашылады. Ең бастысы – Шардара ауданының экономикасы тек ауыл шаруашылығына ғана тәуелді болмай, өңдеу және өндіріс салаларымен толықтырылатын болады. Парламенттегі «AMANAT» партиясының фракциясы өндірістік парктерді дамыту мәселесін тұрақты бақылауда ұстап келеді. Түркістан облысында бастау алған бұл бірегей жоба – партияның Сайлауалды бағдарламасында көзделген экономиканы дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі міндеттерін нақты іске асыру жолдарын белгіледі, — деді Мәжіліс депутаты.

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы өңіріміздің көптеген аудандарында салынып жатқан өндірістік парктердің басты әлеуметтік тиімділігі – жаңа жұмыс орындарының ашылуы деп біледі. Мұнда облыс тұрғындары үшін тұрақты жұмыспен қамту мүмкіндігі артып, жастардың туған жерінде еңбек етуіне жағдай жасалады. Бұл өз кезегінде әлеуметтік тұрақтылықты нығайтып, халықтың табысын арттыруға ықпал етеді. Партия тарапынан өндірістік парктердің жүзеге асырылуы тұрақты бақылауда.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды