«ӨНДІРІСТІК ПАРК» – БИЗНЕСТІ ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН МАҢЫЗДЫ БАСТАМА

Сарыағаш қаласының кіре берісінде жаңа “Өндірістік парк” жобасының құрылыс жұмыстары басталды. Бүгін Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев жобаның іргетасын қалап, 6,5 гектар аумақтағы алғашқы құрылыс қазықтарын қақты. Бұл туралы Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған шараға аудандық мәслихаттың төрағасы Рысбек Асылбекұлы, аудан әкімдігінің салалық бөлім басшылары және халық қалаулылары қатысты.

– Бүгін біз аудандағы кәсіпкерлікті қолдау бағытында нақты қадам жасадық. “Өндірістік парк” – Сарыағаштың экономикалық әлеуетін арттыруға, жаңа инвестиция тартуға және жұмыс орындарын көбейтуге бағытталған маңызды жоба. Алдағы уақытта бұл аумақ шағын және орта бизнес өкілдерінің орталығына айналады деп сенеміз, – деп аудан әкімі өндірістік аймақтың маңыздылығына тоқталып, бұл жоба өңір экономикасына оң әсер ететінін атап өтті.

Қазіргі таңда,  аумақта жер тегістеу және инфрақұрылымға қажетті дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Айта кетсек, “өндірістік парк” – аудандағы шағын және орта бизнесті дамытуға, өндірістік инфрақұрылымды жақсартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған маңызды бастама. Жоба аясында түрлі бағыттағы өндіріс орындарын орналастыру, кәсіпкерлерге қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтылған алаң ұсыну көзделіп отыр.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды