НАҚТЫ ӨЗГЕРІСТЕР ӘКЕЛЕТІН ЖОБАЛАР ІСКЕ АСУДА

«AMANAT» партиясы азаматтардың күнделікті өмір сапасына тікелей ықпал ететін, қоғамның ең өзекті сұраныстарын қамтитын, нақты өзгерістер әкелетін жобаларды іске асырып жатқаны белгілі. Партиялық жобалар Түркістан облысында өз тиімділігін айқын көрсеткенін облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев партияның Орталық аппаратында өткен есеп беру жиынында айтты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтқанда «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша 8 мыңнан астам адам оқу курстарынан өтті. Жалпыреспубликалық «FinIQ 2025» қаржылық қауіпсіздік диктанты аясында 486 мың адам тестілеуден өтіп, Түркістан облысы республикада алдыңғы қатардан көрінді. «Жер аманаты» жобасы бойынша қайтарылуы тиіс жер көлемінің жоспары 41 мың гектар болса, нақты 129,9 мың гектар жер қайтарылып, жоспар 315 пайызға артығымен орындалды. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша, ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 7,4 млрд. теңге бөлініп, оның 880 млн. теңгесіне 104 жоба және қайтарым қаражат есебінен 4,6 млрд. теңгеге 579 жоба қаржыландырылды.  Атап өтуіміз керек, 2024 жылы осы бағдарлама аясында 2,1 млрд. теңгеге 282 жоба қаржыландырылса, 2025 жылдың 11 айында 2,5 млрд. теңгеге 297 жоба қолдау тапты.

«Кедергісіз келешек» жобасы аясында, Сауран ауданында 50 орындық ерекше балаларға арналған оңалту орталығы ашылды. «Тең мүмкіндіктер» спорттық фестивалінің облыстық деңгейіне 30 команда, 90 бала қатысты. Жеңімпаз командалар, республикалық фестивальге қатысып, спорттың жеңіл атлетика түрінен жүлделі ІІ орынды иеленді. «Ұлттық мұра» жобасы аясында Түркістан, Кентау қалаларында, Келес, Сауран, Сарыағаш, Отырар аудандарында жеті ақындар айтысы өтсе, «Ұлы дала» әдеби-шығармашылық байқауы жас қаламгерлердің басын қосты. «Цифрлы қоғам» жобасы аясындағы «Daryn.ai» ұстаздарды оқыту платформасына облысымыз бойынша 43 мыңға жуық ұстаз тіркеліп, оның 15 мыңға жуығы оқу курсын толық аяқтады.

Облыстық партия филиалының «Жастар рухы» жастар қанаты өңірімізде қоғамдық бастамалардың негізгі қозғаушысына айналды. Партия туы астына жиылған жастар экологиялық акциялардан бастап әлеуметтік қолдау шараларына, спорттық қозғалысты жолға қоюға дейін түрлі бағытта белсенділік танытып келеді. Жастардың өңірлік жобаларға қатысуы артты, олардың ұсыныстары партия жұмысының маңызды бөлігіне айналды.

Партия жастарының ұйымдастыруымен үстел теннисінен облыстық турнир, «AMANAT AQYLMAN» интеллектуалды ойындары, бастауыш партия ұйымдарының арасында «AMANAT CUP» кіші футболдан жарыс, «Жастарға жұмыс» жобасы аясында бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Оған қоса, «Чемпиондық рух» жобасы аясында әлем чемпиондарының қатысуымен жастарға арналған таңғы жаттығулар мен шеберлік сағаттары өткізілді. Бүгін дәл осы мазмұндағы іс-шара Түлкібас ауданында өткізіліп, оған бокстан әлем чемпиондары ағайынды Махмұт және Төрехан Сабырхан қатысты.

Қазіргі таңда «Жастар рухы» жастар қанаты «Qazaqstan» брендін жаңа форматта, көпшіліктің қатысуымен ілгерілету жұмыстарын белсенді түрде жалғастыруда. Тәуелсіздік күніне орай, 12 желтоқсанда Төлеби ауданында республика көлемінде алғаш мәрте партияластар арасында, қазақ күресінен «AMANAT BARYSY» турнирін өткізетін боламыз.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды