НАҚТЫ ӘРЕКЕТТЕР ЖАСАУ – ҚОҒАМ БОЛЫП АТҚАРАТЫН ЖАУАПКЕРШІЛІК

«AMANAT» партиясының бастауыш партия ұйымдары қоғаммен тікелей байланыс орнататын, азаматтардың мәселесін бірінші болып еститін және сол мәселелердің шешілуіне жүйелі түрде ықпал ететін негізгі буын екені белгілі. Осы міндет аясында партияның Шардара аудандық филиалының «Ақшеңгелді» бастауыш партия ұйымы ауыл тұрғындарымен қоғамдық кездесу өткізді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуге бастауыш партия ұйымының төрағасы, жергілікті  әкімдіктің өкілдері, Ақалтын және Егізкұм ауылдарының тұрғындары, ауыл ақсақалдары, жастар, кәсіпкерлер және әлеуметтік сала қызметкерлері қатысты. Кездесудің мақсатына бастауыш партия ұйымының төрағасы Ғалымжан Момынов тоқталып өтті.

— «Ақшеңгелді» бастауыш партия ұйымы осы кездесуді өткізу арқылы  тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдауды, ауылдың өзекті мәселелерін талқылауды, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу талаптарын түсіндіруді және алдағы жұмыс бағыттарын айқындауды мақсат тұтады.  Ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға ықпал ету, әділдік пен жауапкершілікке негізделген нақты әрекеттер жасау – қоғам болып атқаратын жауапкершілік», — деді Ғалымжан Момынов.

Кездесу барысында «AMANAT» партиясы айқындаған стратегиялық басымдықтар, халықтың кең қолдауына ие болған «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» сынды партиялық жобалардың іске асырылу барысы, ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеру, инфрақұрылымды жақсарту, жастарды жұмыспен қамту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының қатысуымен өткен ауыл әкімдерінің диалог-платформасында жария етілген бағыттар бойынша түсініктер берілді.

Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер де аз болмады. Ауылдың инфрақұрылымын жақсарту, ауыз су мен жол сапасы, жайылым мәселесі, жастарды жұмыспен қамту және медициналық қызмет қолжетімділігі, интернет және байланыс сапасы сөз болды. Әр ұсыныс жеке талқыланып, жауапты органдарға жолданатын нақты ұсыныстар белгіленді.

Жастар өкілдері ауылда спорттық нысандар салу, үйірмелер ашу, кәсіпкерлік бойынша кеңес беру бағытында ұсыныстарын айтты. Ақсақалдар ел бірлігі мен тәртіптің маңызын атап өтіп, бастауыш партия ұйымының жұмысына оң бағасын берді.

Кездесу барысында айтылған әр өтініштің орындалуы партия өкілдерінің бақылауына алынады және олардың шешім табуында жергілікті атқарушы органдармен, депутаттық корпуспен нақты жұмыстар атқарылатын болады.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды