Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің өңір тұрғындарымен кездесулері мен жеке қабылдаулары жалғасып келеді. Кезекті кездесу Ордабасы ауданында өтіп, аудан тұрғындарының ұсыныс-тілектері тыңдалды. Облыс әкімі өңірдің, ауданның даму көрсеткіштеріне тоқталып, өндіріс орындарын ашу, экономиканы көтеру бағытындағы жұмыстар дамылсыз жалғасатынын айтты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
– Өткен жылы тұрғындар тарапынан 8 мәселе қозғалған болатын. Бүгінде 6 мәселе шешімін тауып, қалған екі ұсыныс аясында жұмыстар жүріп жатыр. Биыл ауданға қарасты Көктөбе елді мекені көгілдір отынмен толық қамтылды. Төрткүл ауылында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жол бойындағы аспалы көпірдің шатыры жөнделді. Сонымен қатар былтыр Бөген елді мекеніндегі дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Жайылымдық жер мәселесіне қатысты тұлғаларға заң жүзінде түсіндірме шаралары жүргізілді. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша өткен жылы өңірдегі 29 жоба қаржыландырылды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2024 жылы 173,9 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 42,3 млрд. теңгеге артты. Биыл өнім көлемін тағы арттыру көзделуде. Өңірде өткен жылы 45,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, биыл 52 млрд. теңгеге арттыру жоспарда бар. Ауданға 2024 жылы 45,4 млрд. теңге инвестиция тартылса, оның ішінде 31,5 млрд. теңгесі жеке инвестицияға тиесілі. Биыл ауданға тартылатын инвестиция көлемін 53 млрд. теңгеге жеткізу, осы арқылы 685 жұмыс орынмен 11 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» бағдарламасы аудан, қалаларда жүзеге асырылып келеді. Тұрғындарды көгалдандыру, тазалық шараларына белсене қатысуға шақырамын. Ауданның әлеуетін көтеру бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасады, – деген Нұралхан Көшеров жоспарлардың жай-күйін баяндай келе, жауаптыларға өңірдің дамуы жолында тынбай еңбектенуді тапсырды.
Ордабасыдағы индустриалды аймақта 14 кәсіпорын бар. Жоба құны 36 млрд. теңгені құрайды. Жалпы 6 жоба аясында өнеркәсіп саласында оң өзгерістер байқалады. Атап айтқанда, тамақ өндірісі, трактор жинау зауыты, болат құю зауыты, көкөніс сақтау қоймасы, алюминий өндірісі, газоблок бұйымдарының өндірісі, полиэтилен қалдықтарын өңдеу зауыты тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.
Ауданның инфрақұрылым саласында оң өзгерістер байқалады. Елді мекендер мен ішкі көше жолдары асфальтталған. Сондай-ақ аудандағы 57 елді мекеннің барлығы электр жүйесімен 100 пайыз қамтылған. Ал жаңа қоныстардың пайда болуына байланысты электр желілерін жаңарту жұмыстары жоспарлануда. Өткен жылы 6 трансформатор орнатылды. Газдандыру бойынша 37 елдімекен табиғи газбен қамтылған. Биыл тағы 10 нысанның жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Ауданға қарасты 54 ауыл тұрғындарына ауыз су жеткен. Биыл қалған 3 елдімекенге таза ауыз су жеткізу жұмыстары қолға алынды.
Кездесуден кейін Нұралхан Көшеров тұрғындарды жеке қабылдап, өтініштерін тыңдады. Мәселелер бақылауға алынды.
Айта кетейік, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің облыс тұрғындарымен кездесулері барлық аудан, қалада жалғасын табады. Жеке қабылдауға «еOtinish» бірыңғай базасы арқылы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.