МЕТЕОЖАҒДАЙЛАРДА ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРГЕ КӨМЕК КӨРСЕТЕТІН 14 ЖЫЛЫТУ ПУНКТІ БАР

«Түркістан облысы аумағында қысқы маусымда қызмет көрсететін мекемелерде жалпы 139 бірлік техника, 4 200 тонна – тұз, 15 190 тонна – құм, 377 тонна – дизель, 196 тонна – бензин, 160 тонна – көмір, 1 225 дана – «Тайғақ жол» ескертуші тақтайшалары дайындалған. Қар құрсауында және күрделі метеожағдайларда зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 14 жылыту пункті бар. Бұл туралы баспасөз жиынында Түркістан облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Дәурен Жүсіпов мәлімдеді», — деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

– Облыс аумағында қар қалың жауатын жол аумақтарының жалпы ұзындығы 404,4 шақырымды құрайды. Осы орайда Бәйдібек және Созақ аудандарындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойындағы асуларда 4 жылыту бекеті орналасқан.

Аталған жылыту бекеттері қазіргі таңда 70 тонна көмір отынымен қамтамасыз етілген және тәулік бойына бекетті жылы күйде ұстау үшін кезекшілік ұйымдастырылған. Жылыту бекеттері бір мезгілде 60 адамды қабылдай алады. Қазіргі таңда департаменттің жол талғамайтын техникалары кезекшілікке қойылды. Сондай-ақ, облыс аумағында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жалпы 3 трассалық-медициналық құтқару пункттері бар, оларды қажет болған жағдайда жылыту пункттері ретінде пайдалануға болады. Сонымен қатар, облыс аумағында төтенше жағдай аймақтарынан жедел ақпарат алмасу мақсатында департаменттің 8 бірлік спутниктік телефоны жұмыс істейді.

Биыл қыс кезеңінде облыс аумағындағы республикалық, облыстық жолдар 23 рет уақытша жабылып, қар құрсауынан 135 адам құтқарылып, жылыту бекеттеріне эвакуацияланды, — деді сала басшысы.

Сондай-ақ, брифинг барысында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мейрамхан Кемелханов қыс мезгіліндегі өрт қауіпсіздігі туралы баяндама жасады.

– Биыл облыс көлемінде 443 өрт оқиғасы тіркелді. Оның ішінде, 263 өрт — тұрғын үйде орын алған. Тұрғын үйдегі өрттердің жалпы шығыны — 509 млн 322 мың теңге. Өрттің шығу себептерінің басым бөлігі — электр сымдарының қысқа тұйықталуы әсерінен орын алған. Өрт салдарынан 21 адам қайтыс болып, 18 адам жарақат алды. Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Полиция департаментімен бірлескен түрде Жаңа жылдық мерекелерді дайындау және өткізу кезеңінде профилактикалық іс-шаралар жоспары бекітіліп, аталған жоспар бойынша жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Облыс аумағында газ баллондарын көлік құралдарында заңсыз пайдалану фактілерін анықтау мақсатында 51 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Нәтижесінде қауіпсіздік талаптарын бұзудың 37 дерегі анықталып, тиісті әкімшілік шаралар қабылданды. Сонымен қатар, жоспарға сәйкес 20-31 желтоқсан аралығында «Пиротехника» акциясын облыс көлемінде өткізіледі, — деді спикер.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды