Бүгін, 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні қарсаңында еліміз бойынша “AMANAT” партиясының «Жастар Рухы» Жастар қанаты дәстүрлі «Менің Елім – Менің Туым» республикалық акциясын ресми түрде бастады. Бұл – еліміздегі патриоттық тәрбиенің жүйелі бағыттарының бірі ретінде қабылданған, кең көлемді мазмұнды іс-шара. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Акцияның басты мақсаты – Мемлекеттік Туға деген құрметті арттыру, елдік сана мен ұлттық бірегейлікті қалыптастыру, жастардың бойындағы патриоттық рух пен азаматтық жауапкершілікті нығайту болып табылады. Елдің болашағы саналатын жас буын үшін бұл шара – тек мерекелік сипаттағы шара ғана емес, өз мемлекеттілігіне, Тәуелсіздігіне деген құрметтің нақты көрінісі.
Партияның «Жастар Рухы» Жастар қанаты бұл жобаны бірнеше жылдан бері үздіксіз ұйымдастырып келеді. Соңғы үш жылда республика аумағында жүздеген елді мекенде Мемлекеттік Ту ілініп, мыңдаған жас өз үнін, үндеуін, рухын елмен бөлісті. Бұл бастама тек символдық қадам ғана емес, жастар арасында елжандылық идеологиясын насихаттаудың тиімді алаңына айналды.
Биылғы акция аясында да еліміздің барлық өңірлерінде Мемлекеттік Ту орнату, түрлі патриоттық шаралар ұйымдастыру жоспарланған. Аймақтарда бір мезгілде Ту көтеру рәсімдері, автокеруендер, флешмобтар, спорттық шаралар және салтанатты жиындар өтуде.
Түркістан облысында да бұл бастама ерекше сипат алды. Акцияға облыстық “Жастар ресурстық орталығы” КММ, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, еріктілер мен жас белсенділер атсалысып, қала және аудан орталықтарында, ауылдық елді мекендерде Ту көтеру рәсімдерін ұйымдастырды. «Менің Елім – Менің Туым» акциясына ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтар да өз еріктерімен қосылып, игі істің маңызын арттырды.
Ту – Тәуелсіздік пен егемендіктің айқын нышаны, ұлт бірлігінің белгісі. Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – әр азаматтың қасиетті борышы. Сондықтан бұл акция қоғамда, әсіресе жастар арасында, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет мәдениетін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады.
Елдігімізді танытар, рухымызды көтерер осындай бастамалар – ел болашағына салынған алтын көпір. «Менің Елім – Менің Туым» акциясы – рухани жаңғырумен үндесіп жатқан, ұлттың ұлы құндылықтарын ұлықтайтын тағылымды іс.