Қазіргі таңда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асқан мемлекет» тұжырымдамасы мен мемлекеттік бағдарламаларын, еліміздің әлеуметтік экономикасын дамыту жолында қажырлы еңбек етіп келе жатқан мемлекеттік қызметшілер дамыған мемлекеттің негізгі қозғаушы тетігі, жоспарлы саясаты мен нақты қадамдарын жүзеге асырушы, ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтатушысы, іскерлік дағды қалыптастырған еліміздің ең маңызды идеяларының бастаушысы. Бұл туралы Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Орманов Ербол Керімбекұлы бүгін Жетісай ауданында болып, ауданның мемлекеттік қызметшілерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында әдеп уәкілі мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік қасиеттері, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыру және парасаттылық атмосферасын құру секілді қызметтік әдеп стандарттары түсіндірілді. Әрбір мемлекеттік қызметшінің қоғамдағы адамгершілікке жат әрекеттерден сақ болуы, тәртіп пен жауапкершілікті үнемі назарда ұстауы керектігі, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің іскерлік киім үлгісі негізгі талаптарға сай болуы тиіс екендігі ескертілді.
Басқосуға қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдаған Ербол Керімбекұлы адам бойына қажетті құндылық қатынастар мен қабілеттерін дамыту мақсатында мемлекеттік қызмет саласында жүзеге асырылып жатқан ілкімді істердің барысымен таныстырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сыбайлас жемқорлық салдарынан қоғамға келтірілетін зияндары мен кері әсерлерін түсіндіріп, мемлекеттік қызметшілердің бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы азаматтық ұстанымды қалыптастыру керектігі айтылды.
«Мемлекеттік қызмет – халықтың сенімін ақтау, ұлтымыздың абыройын асырып, асқақтату. Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің айнасы. Мемлекеттік қызметші – іскерлік дағды қалыптастырған еліміздің ең маңызды идеяларының бастаушысы, елдің, ұлттың мәртебесін көтеруші, абыройын асқақтатушы», — деген Ербол Орманов жергілікті тұрғындар мен мемлекеттік, квазимемлекеттік мекеме қызметкерлеріне жеке қабылдау өткізді.

