МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ҰЖЫМНЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ

Бүгінгі таңда мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін арттыру, оның қолданыс аясын кеңейту – маңызды стратегиялық міндеттердің бірі. Осы бағытта нақты істер атқарып, нәтижелі жұмыс жүргізіп келе жатқан ұжымдардың еңбегі қашанда құрметке лайық.

Мемлекеттік тілді дамыту – «Транстелеком» ұжымының басты бағытына айналған. Ұжым қызметкерлері ынты-шынтысымен, белсене, жауапкершілікпен әр сабақты асыға күтіп, әр сабақты ұмытпай орындап, оны күнделікті қызметінің өзегіне айналдырғаны мені қатты қуантады. Әсіресе әр сабақты асыға күтетіні, үйренуге деген талаптары шабыт сыйлайды.

Менің мақсатым да – әр мекеме ұжымына қазақ тілін үйретумен ғана шектелмей, оны жұмысында, қоғамда (дүкенде, қоғамдық көлікте, көшеде) қолдану деген құрметті, ұлттық құндылықтарға деген жауапкершілікті қалыптастыру.

Мемлекеттік тілді меңгерту барысында жүйелі жоспар, заманауи әдіс-тәсілдер және тәжірибеге негізделген оқыту үлгілері кеңінен қолданылады. Бұл өз кезегінде тіл үйренушілердің қызығушылығын арттырып, нәтижелі білім алуына жол ашады.

Тіл дамыту бағытындағы сабақтар курстармен ғана шектелмейді. Ұжым тарапынан түрлі тілдік іс-шаралар, танымдық кездесулер мен практикалық сабақтар ұйымдастырылып, мемлекеттік тілдің күнделікті қолданыста еркін қолданылуына баса назар аударылады. Әсіресе сөйлеу дағдысын қалыптастыру, ресми және тұрмыстық тіл мәдениетін жетілдіру басты назарда.

Мемлекеттік тілге деген мұндай жүйелі көзқарас ұжым мүшелерінің кәсіби жауапкершілігін ғана емес, азаматтық ұстанымын да айқындайды. Себебі тіл – ұлттың рухани тірегі, ел бірлігінің негізі. Осыны терең түсінген ұжым қазақ тілінің дамуына өз үлесін қосып келеді.

Қорытындылай келе, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жолындағы әрбір нақты іс – ел болашағына салынған инвестиция. Мемлекеттік тілді ұжымның басты бағыты ретінде айқындап, оны дамыту жолында табанды еңбек етіп келе жатқан мұндай ұйымдардың тәжірибесі өзгелерге үлгі болары сөзсіз.

Күлшахар ӨТЕБАЙҚЫЗЫ,

Шымкент қалалық Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының мұғалімі.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды