МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫ ОҚУҒА ҚАБЫЛДАУДЫ БАСТАДЫ

2025 жылғы 1 сәуірден бастап ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы құжат қабылдауды бастады. Өтініштер онлайн режимде «Admission» жүйесі арқылы 25 маусымға дейін қабылданады. Биыл магистратураға – 120, докторантураға – 12 мемлекеттік грант бөлінген. Бұл туралы Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы хабарлады.

Академия 9 магистрлік және 3 докторлық бағдарлама ұсынады. Биылғы жаңалық – «Цифрлық мемлекеттік басқару» (MDPA) бағдарламасының іске қосылуы. Ол цифрлық трансформация, ақпараттық қауіпсіздік және инновациялық шешімдер әзірлеу бағытында оқытады. Оған кемінде 3 жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар, цифрлық салада жұмыс істейтін мамандар қатыса алады.

Барлық магистратура бағдарламаларына қойылатын еңбек өтілі 3 жылға ұзартылды. Ал «MPA» бағдарламасына – 5 жыл, «MPP» бағдарламасына – 4 жыл талап етіледі. Ақылы бөлімде енді квазимемлекеттік сектор мен ведомстволық ұйым өкілдері де оқи алады. Бағдарламаларға нақты бейіндік талаптар енгізілді.

Іріктеу екі кезеңнен тұрады: 28 маусым – 1 шілде аралығында онлайн эссе, 8-23 шілде аралығында офлайн сұхбат. Нәтижелер 25 шілдеде жарияланады. Оқу 1 қыркүйекте басталады.

Академия студенттеріне ай сайын стипендия, шетел тағылымдамасы, ғылыми жобаларға қатысу, тәжірибелі мамандардан дәріс алу және арнайы жатақханадан орын ұсынылады. Қосымша ақпарат apa.kz сайтында және әлеуметтік желілерде қолжетімді.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды