Баршаңызды 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Мемлекет мүддесі жолында жүйелі жұмыс істеу, қалтқысыз қызмет ету – қоғам алдындағы адалдықты және адамгершілікті талап ететін аса жоғары жауапкершілік. Ел азаматтарының мемлекетке деген сенімі, жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігі және еліміздің тұрақты дамуы – Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен өз ұстанымдарыңызға тікелей байланысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мықты әрі әділетті мемлекеттік қызмет – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды іргетастың бірі екенін атап өткен еді. Президент жедел, тиімді және әрбір азаматтың мүддесі үшін әрекет ете алатын, қоғам сұранысына бағдарланған мемлекеттік аппараттың жаңа түрін қалыптастыру міндетін қойды.
Мемлекеттік басқару сапасын арттыру, меритократия және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қағидаттарын енгізу, тиімді кадрлық резерв қалыптастыру – әркез мемлекет саясаты мен партия жұмысының басты назарында.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мемлекеттік қызмет ісін таңдаған және күн сайын ел игілігі жолында адал еңбек етіп келе жатқан әрбір азаматқа алғысымызды білдіреміз. Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт және амандық тілейміз!
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы