МЕКТЕПТЕРДЕ ҚАУІПСІЗ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

Жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және оның себептерін анықтау мақсатында Түркістан облысы полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бірқатар түсіндіру іс-шараларын ұйымдастырды. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталмыш іс-шарада полиция подполковнигі Мұхтар Туғанбаев, полиция майоры Гүлбану Ділдәбекова және полиция лейтенанты Мөлдір Құрманбекова №13 көпсалалы колледжде студенттермен кездесу өткізіп, 300-ге жуық жасқа құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Кездесу барысында қатысушыларға зорлық-зомбылықтың түрлері, оның құқықтық және психологиялық салдары, сондай-ақ оны болдырмау жолдары түсіндірілді. Сол күні аудандық мәдениет үйінде билер кеңесі, ауданның бас имамы және әжелер алқасының төрайымдары қатысқан дөңгелек үстел өтті. Жиында отбасы мен қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын алу тетіктері талқыланып, бірлескен ұсыныстар қабылданды.

Ал 29 қазан күні №2 Ө.Жәнібеков атындағы мектепте ауданның 150-ге жуық мектеп директорлары мен әлеуметтік педагогтары қатысқан кеңейтілген жиын өтті. Онда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сенім телефондарының тиімді жұмысын ұйымдастыру және мектептерде қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелері қаралды.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыруда электронды почтаңыз жарияланбайды